Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Бекет-Атаға бара жатқан: 10 адам қаза тапқан қайғылы апат жайлы жаңа деректер шықты

12 Қыркүйек 2025, 10:11
18289
Бөлісу:

Маңғыстау облысында Бекет-Атаға зияратқа бара жатқан 10 адам қаза тапқан жол апатының жаңа деректері белгілі болды. ІІМ тергеуді бақылауға алып, жедел штаб құрды. Жүргізушінің әрекеті мен көліктің техникалық жағдайы тексерілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Маңғыстау облысының Қарақия ауданында 11 қыркүйекте болған ірі жол апаты жайлы жаңа деректерді Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, Toyota Hiace шағын автобусының барлық жолаушылары қасиетті Бекет-Атаға зиярат жасауға бет алған. Олардың барлығы – Қазақстан азаматтары, әртүрлі өңірлерден шыққан. Жүргізуші мен тағы екі жолаушы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, оқиға бойынша іс-қимылды үйлестіру үшін тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылды. Ішкі істер министрі тергеудің барысын жеке бақылауға алған. Қазір жүргізушінің әрекеті, көліктің техникалық жағдайы, бағыты және тасымалдау талаптары тексеріліп жатыр.

Қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасына көмек көрсетілуде: марқұмдардың денесін өңірлерге жеткізу, жерлеу рәсімін ұйымдастыру, заңдық және сақтандыру мәселелерін шешу шаралары қолға алынған, - делінген ІІМ хабарламасында.

Еске сала кетейік, шағын автобус жол жиегіне шығып кетіп, аударылған. Оқиға орнында сегіз адам қаза тапты, тағы екеуі ауруханаға барар жолда көз жұмды.

Өзгелердің жаңалығы