Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дәурен Абаевтың біржыныстыларды насихаттайтын «Базз Лайтер» анимациялық фильмінің елімізде көрсетілуіне қарсы болуын өскелең ұрпақтың ертеңіне алаңдаушылық деп нық сеніммен айтуға болады.
Facebook парақшасында Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының директоры Тастанбек Есентаев осылай жазды.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың біржыныстыларды насихаттайтын «Базз Лайтер» анимациялық фильмінің елімізде көрсетілуіне қарсы болуын өскелең ұрпақтың ертеңіне алаңдаушылық деп нық сеніммен айтуға болады. Алайда, министр мырзаның бұл батыл әрекетін ашықтан-ашық айыптап, байбалам салушылар қатарының көбейіп бара жатқаны алаңдатады және қынжылтады. Ең сорақысы сол, біржыныстыларды қолдаушылар өздерінің жымысқы саясатына демократиялық құндылықтарды бетперде етуге тырысады. Олардың ойынша, адам баласы ойына не келеді, соны істеуге құқылы-мыс, – деді Тастанбек Есентаев.
Оның айтуынша, бұл біздің қоғам үшін өте қауіпті құбылыс. Еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің «махаббатын» қолдау және насихаттау ұрпақтың азуына және азғындануына әкелетін сұрқия және жымысқы саясат.
Біздің Жаңа Қазақстан демократияның сүрлеуіне енді түскен жас мемлекет. Бірақ, солай екен деп біз жандүниемізге жат, табиғатымыз қабылдамайтын құбыжық дүниелердің төрімізде тайраңдауына, ұрпақты улауына әсте жол бермеуіміз керек. Егер, біз табанды да тәуекелшіл әрекетке бармасақ, мұның ұлықты ұл, қылықты қыз өсіріп отырған ұлтымызға тигізер зияны шашетектен болады. Ал, батпандап кіргеннің мысқалдап шығатыны бесенеден белгілі. Мемлекет басшысы жастардың болашағына қатысты мәселенің бәрін назарда жіті ұстайды, – деді Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының директоры.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен мысал келтірді.
Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген сөзінің өзі осының нақты дәлелі. Олай болса, бізге біржыныстылар және осыны қолдаушылар емес, тәрбиелі, білімді және саламатты өмір салтын жанына серік еткен алғадай жастар керек, – деді ол жазбасында.