Қазақстан базарларында сиыр етінің бір келісі шамамен 3700 теңгеден сатылып жатыр. Ал сауда желілерінде баға сәл жоғары. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, ет өнімдері бағасының өсуі жалғасып жатыр. Дегенмен қымбаттау қарқыны бірқалыпты.
«Ет өнімдері бойынша баға динамикасын байқап отырмыз. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп бірқатар шара қабылдадық. Оның ішінде экспортты квоталау және өнімсіз делдалдарды шектеу шаралары бар. Қазіргі баға динамикасына қарасақ, өсім бар, бірақ ол қалыпты деңгейде», – деді Арман Шаққалиев.
Министр ішкі нарықта ет өнімдері жеткілікті екенін және өнім жеткізуде іркіліс жоғын атап өтті.
«Бүгінгі ең бастысы – ет сатылымда бар. Өткен демалыс күндері жүргізген мониторинг бойынша базардағы сүйекті сиыр етінің бағасы 3700 теңге болды. Сауда желілерінде сәл жоғары», – деді ол.
Ведомство басшысының айтуынша, Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, тұрақты жеткізілім мен өнімнің жеткілікті көлемін қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеп жатыр.
«Біріншіден, өнім нарықта болуы керек. Жеткізуге және өніммен қамтамасыз етуге байланысты мәселе туындамауы қажет. Бағаның өсу себептері барлығына белгілі. Қазір жалпы етке сұраныстың өте жоғары екенін көріп отырмыз», – деді министр.
Ол ішкі нарықтағы жағдай әлемдік сұранысқа да байланысты екенін айтты. Атап айтқанда, Парсы шығанағындағы оқиғалар қой еті бағасының құбылуына әсер еткен.
«Дегенмен тағы да атап өткім келеді, қазір бағаның күрт өсуі байқалмайды. Баға өзгеріп жатыр, бірақ жалпы тұрақты. Мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде де іркіліс жоқ», – деп қорытындылады Арман Шаққалиев.