«Базалық мөлшерлеме төмендей бастайды»: ЕДБ теңге мен инфляцияға қатысты жаңа болжам жасады

Баға өсімін тежеу үшін Ұлттық банк қатаң ақша-кредит саясатын сақтайды.

 ©BAQ.KZ архиві Бүгiн 2026, 11:06
Бүгiн 2026, 11:06
195
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Еуразиялық даму банкі Қазақстан экономикасының алдағы жылдарға арналған базалық болжамын жариялады. Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылы ел экономикасы 5,5% деңгейінде өсім көрсетеді. Алайда инфляция, жоғары пайыздық мөлшерлеме және теңгенің әлсіреуі халықтың нақты табысына қысым түсіруі мүмкін, деп хабаралайды BAQ.KZ тілшісі.

ЕАБР дерегінше, экономикалық өсімге негізгі серпінді Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар мен «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасының іске асуы береді. Сондай-ақ шикізаттық емес экспорттың ұлғаюы мұнай бағасының төмендеуінен туындайтын қысымды ішінара өтейді. Осылайша, 2025 жылы күтілетін 5,9% өсімнен кейін, алдағы үш жылда экономика шамамен 5,5% деңгейінде тұрақтайды.

Сонымен қатар сарапшылар инфляцияның қысқа мерзімде жоғары деңгейде қалатынын айтады. 2025 жылдың қорытындысында баға өсімі 12,3%-ға жетуі мүмкін. Ал 2026 жылы инфляция 9,7%-ға дейін төмендейді деп болжануда. Дегенмен бұл айтарлықтай тез төмендеу емес. Тек 2027–2028 жылдары ғана инфляция 6,8% және 5% деңгейіне жақындайды. Бұл бағаның жақын арада арзандай қоймайтынын білдіреді.

Баға өсімін тежеу үшін Ұлттық банк қатаң ақша-кредит саясатын сақтайды. Болжам бойынша, базалық мөлшерлеме 2026 жылдың осы жылғы сәуірге дейін 18% деңгейінде қалады. Инфляцияның шарықтау шегі өткеннен кейін ғана реттеуші мөлшерлемені біртіндеп төмендетуге көшеді. Нәтижесінде 2026 жылдың соңында базалық ставка шамамен 14%-ға дейін түсіп, 2028 жылға қарай 9–10% деңгейіне дейін төмендеуі мүмкін. Бұл несиенің әлі де қымбат болатынын көрсетеді.

ЕАБР болжамында ұлттық валютаның әлсіреу үрдісі де сақталатыны айтылған. 2026 жылы доллар бағамы орта есеппен 535 теңге болады, ал жыл соңында 544 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Сарапшылар теңгені қолдайтын факторлар ретінде жоғары базалық мөлшерлемені және теңгедегі активтердің тартымдылығын атап өтеді. Сонымен қатар квазимемлекеттік сектордың экспорттық түсімнің 50%-ын сатуға міндетті болуы ішкі нарықта шетел валютасының ұсынысын арттырады.

Сонымен бірге тәуекелдер де жоқ емес. Әлемдегі сауда қақтығыстарының күшеюі серіктес елдердегі экономикалық белсенділіктің төмендеуіне және мұнай бағасының құлдырауына алып келуі мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстанның экспорттық және салықтық түсімдері азайып, экономикалық өсім баяулауы ықтимал.

Бұдан бөлек, инфляцияның қайта үдеу қаупі сақталады. Әсіресе әлемдік азық-түлік бағасының өсуі, қызмет көрсету тарифтерінің қымбаттауы және инфляциялық күтулердің күшеюі бағаға қосымша қысым түсіруі мүмкін. Сонымен қатар дамушы нарықтардан капиталдың әкетілуі теңгенің әлсіреуін күшейтіп, валюта нарығына әсер етуі ықтимал.

Жалпы, ЕАБР болжамы Қазақстан экономикасының тұрақты өсім жолында екенін көрсетеді. Инфляция баяу төмендейді, несие қымбат күйінде қалады, ал теңге біртіндеп әлсірей береді. Бұл 2026 жылы халықтың нақты табысына түсетін қысым әлі де сақталатынын аңғартады.

Наверх