Қазақстан Ұлттық банкі бүгін базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдайды. Қаржы сарапшысы Сұлтан Елемесов мөлшерлеме төмендеуі мүмкін екенін, тіпті оның төмендеу қадамы нарық күткеннен де ауқымды болуы ықтимал екенін айтады. Оның пікірінше, бұған инфляцияның бәсеңдеуімен қатар теңгенің шамадан тыс нығаюы да әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшы қазіргі уақытта азаматтарға депозиттер бойынша қолданыстағы жоғары мөлшерлемелерді бекітіп алуды ұсынады. Оның айтуынша, жинақ депозиттеріндегі мөлшерлемені кемінде үш айға, ал қарапайым депозиттердегі мөлшерлемені бір жылға сақтап қалу тиімді болуы мүмкін.
Қазір қарапайым депозиттер бойынша жылдық мөлшерлеме шамамен 14-15%, ал жинақ депозиттерінде 18-19%-ға дейін жетеді.
Дегенмен жинақ депозитінің шарттарын ескеру маңызды. Мұндай салымдардан ақшаны 3-6 ай ішінде еркін шешіп алу мүмкіндігі шектеулі, ал бастапқы салымның ең төменгі мөлшері әдетте жоғары болады.
Сондықтан Сұлтан Елемесов жинақ депозитіне жақын уақытта қажет болмайтын қаражатты ғана салуға кеңес береді. Күнделікті шығындарға немесе шұғыл қажеттіліктерге арналған ақшаны мұндай депозитке орналастыру тиімсіз болуы мүмкін.
Айта кетейік, депозит мөлшерлемелері мен ақшаны мерзімінен бұрын алу талаптары әр банкте әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан салым ашпас бұрын оның шарттарын мұқият тексерген жөн.