Базалық мөлшерлеме тағы да 18 пайыз деңгейінде қалды

Ұлттық Банктің мәліметінше, жылдық инфляция 2026 жылғы ақпанда 11,7%-ға дейін төмендеді.

 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев Бүгiн 2026, 12:02
Бүгiн 2026, 12:02
117
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шешім болжам раундының нәтижелеріне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағасына және инфляциялық тәуекелдердің теңгеріміне сүйене отырып қабылданған.

Ұлттық Банктің мәліметінше, жылдық инфляция 2026 жылғы ақпанда 11,7%-ға дейін төмендеді. Қаңтар айында бұл көрсеткіш 12,2% болған. Инфляцияның барлық негізгі компоненттері бойынша баға өсімінің қарқыны баяулағаны байқалады.

Атап айтқанда:

  • азық-түлік тауарларының бағасы – 12,7%,

  • азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 11,6%,

  • ақылы қызметтер – 10,8% болды.

Ұлттық Банк инфляцияның баяулауына бірқатар фактор ықпал еткенін атап өтті. Олардың қатарында қатаң ақша-кредит шарттары, теңге бағамының нығаюы, кепілсіз тұтынушылық кредиттеудің баяулауы, артық өтімділікті қысқарту және Үкіметпен бірлескен инфляцияға қарсы шаралар бар. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық қызметтері мен жанар-жағармай бағасын көтеруге қойылған мораторий де әсер еткен.

Дегенмен айлық инфляция ақпанда 1,1%-ға дейін жеделдеді, ал базалық инфляция 0,8% болды. Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері 13,7%-ға дейін төмендегенімен, әлі де жоғары әрі құбылмалы деңгейде қалып отыр.

Ұлттық Банктің болжамынша, 2026 жылы инфляция 9,5–11,5% аралығында қалыптасуы мүмкін. Ал 2027 жылдың қорытындысы бойынша баға өсімі 5,5–7,5% деңгейіне дейін баяулайды, ал 2028 жылы 5% мақсатты көрсеткішке жақындайды деп күтіледі.

Сонымен қатар 2026 жылы Қазақстан экономикасының өсуі 3,5–4,5% деңгейінде болады деген болжам сақталған.

Ұлттық Банк инфляцияның тұрақты баяулауы байқалып, жаңа инфляциялық шоктар болмаған жағдайда 2026 жылдың екінші жартыжылдығында базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруы мүмкін екенін атап өтті.

Ақша-кредит саясаты туралы толық баяндама 2026 жылғы 11 наурызда жарияланады. Ал базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешім 2026 жылғы 24 сәуірде жарияланбақ.

Еске салсақ, былтыр қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,5%-дан 18%-ға дейін көтерген еді.

Наверх