Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейіне дейін арттыру шешімін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қыркүйек айында жылдық инфляция 12,9 пайызға жетіп, болжамды межеден асып кеткен. Баға өсімінің негізгі факторлары – азық-түлік өнімдері мен ақылы қызметтер. Шілде айындағы баяулаудан кейін қызмет инфляциясы тамызда 15,3 пайызға дейін жеделдеп, қыркүйекте сол деңгейде сақталған.
Бағаның өсуі реттелетін және нарықтық қызметтерде де байқалады – тиісінше 3,4 және 13 пайыз. Ал азық-түлік инфляциясы қыркүйекте 12,7 пайызды құрады (шілдеде – 11,2%, тамызда – 11,7%). Бұған әлемдік азық-түлік бағасының қымбаттауы мен өндіріс шығындарының өсуі әсер етті, – деді Сүлейменов.
Сондай-ақ ол жанармай бағасының көтерілуі мен ішкі сұраныстың тұрақтылығы салдарынан азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының 10,8 пайызға дейін жеделдегенін атап өтті.
Қыркүйекте жанармай бағасы жылдық есеппен 11,9 пайызға өсті, – деді ол.
Сүлейменовтың айтуынша, айлық инфляция қыркүйекте 1,1 пайызды құраған (шілдеде – 0,7%, тамызда – 1%). Ал халықтың инфляциялық күтулері жыл соңына қарай 13,2 пайызға дейін өскен және тұрақсыз күйде қалып отыр.
Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы ел экономикасы жоғары қарқынмен өсіп келе жатқанын айтты. Биылдың 8 айында ЖІӨ 6,5 пайызға артқан. Ең жоғары өсім көлік, құрылыс, сауда, тау-кен және өңдеу өнеркәсібінде байқалады.
Халықтың тауар мен қызметке сұранысы тұрақты. Нақты табыс төмендегеніне қарамастан, тұтыну өсімі тұтынушылық несиелеудің ұлғаюы мен жинақталған қаражатты пайдалану есебінен сақталып отыр. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында баспанаға сұраныс артты, бұл өз кезегінде бағаға қысым түсіріп отыр, – деді ол.
Инвестициялық белсенділік те жоғары деңгейде – өсім 14,3 пайызды құраған. Инвестициялардағы бюджет қаражатының үлесі 23 пайызға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 42,6 пайызға өскен.
Дүниежүзілік экономикадағы белгісіздік деңгейі әлі де жоғары. Сауда саясаты, геосаяси тәуекелдер мен халықаралық шектеулердің сақталуы жағдайында әлемдік орталық банктер сақтық саясат ұстанып отыр. Бұл факторлар Қазақстандағы ақша-кредит саясатына да әсер етуде, – деп түйіндеді Тимур Сүлейменов.