Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Бәйтерек" инвестициялық холдингке айналады: Экономикаға не береді?

20 Қараша 2025, 15:12
305
Бөлісу:
 - архив
Фото: - архив

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі ресми түрде елдің инвестициялық холдингі мәртебесіне өтті. Енді алдағы 5–7 жылда 15–20 жүйе құрушы жобаны қолдауға басымдық беріледі.

BAQ.KZ тілшісі Сенаттың кулуарында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен жаңа инвестициялық холдингтің негізгі бағыттары мен жобаларды іріктеу өлшемдері туралы сұрап көрді. Министр бұл сұраққа кеңірек тоқталып, қандай салаларға назар аударылатынын түсіндірді.

Біз мына бағыттарды: металлургия, көмір, газ, мұнай-химия, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, жасанды интеллект және, мүмкін, туризм саласын айқындап отырмыз. Салалар көп болмайды, бірақ бұл бағыттарға әлемнің ең озық технологиялары тартылады. Жобалар өз табиғи ресурстарымызға және олардың терең өңделуіне негізделеді. Алдағы 5–7 жылда 15–20 ірі жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр, - деп жауап берді Серік Жұманғарин.

Айтуынша, жобаларды іріктеу мақсатында Инвестициялық кеңес құрылады.

Жобаларды іріктеу үшін тәжірибелі мамандардан құралған Инвестициялық кеңес құрылады. Бұл шешім қабылдау процесін барынша ашық әрі тиімді етеді. Барлық жобалар ел үшін стратегиялық маңыздылығына, технологиялық жаңашылдығына және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуетіне қарай таңдалады. Осылайша холдинг күшін жүйе құрайтын бастамаларға шоғырландырып, экономиканың ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін болады, - деді вице-премьер.

Еске салайық, бұған дейін "Бәйтерек" холдингінің жаңа рөлі мен 2029 жылға қанша инвестиция тартылатыны туралы жазған болатынбыз. 

Өзгелердің жаңалығы