Экономист Айбар Олжай Үкімет, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің инфляцияны түсіру, экономиканы сапалы өсіру бойынша бірлескен жоспары аясында “Бәйтерек” холдингінің жұмысы қалай өзгеретінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметтің экономикаға қаржы құятын органы “Бәйтерек” холдингі бюджеттен ақша алып, кәсіпкерлерге арзан кредит беретін баяғы функциясынан инвестхолдинг функциясына ауысады. Ол өзі нарықтан ақша тауып, кәсіпорындарға беруі тиіс. Демек, нарықта артық ақша массасы пайда болмайды, - деді экономист.
Айбар Олжай холдинг нақты ұлттық экономика үшін барынша мультипликативтік әсерді қамтамасыз ететін 15-20 жүйе құраушы жобаны іске асыруға бағытталатынын атады. Сондай-ақ инвестхолдинг басымдық беретін салаларға тоқталды.
Инвестициялық қаржыландыру үшін басымдық тау-металлургиялық кешеніне, машина жасауға, энергетикаға, инфрақұрылымға, туризмге, агроөнеркәсіптік кешенге, тамақ өнеркәсібіне, химия, мұнай-газ химиясына, агрохимияға, құрылыс материалдарын өндіруге беріледі, - деді маман.
Ол 2026 жылы бюджеттен “Бәйтерекке” 1 триллион теңге бөлінетінін еске салды. Бірақ қалған ақшаны “Бәйтерек” екінші деңгейдегі коммерциялық банктердің қаржысын тарту арқылы табуы тиіс.
Сол 1 триллионмен жұмысын бастап алады, ары қарай, пул секьюритизация сияқты әдістермен банктерді өзіне тарта бастайды, - деді ол.
Бұдан бұрын Айбар Олжай енді инфляцияны түсіру мен экономиканы өсіру үш органға ортақ мақсат екенін айтқан.