Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ерлігі елге үлгі, ұрпаққа өнеге болған қазақтың батырлары мен билерінің даңқын әйгілеп, тарихи бағасын беру бүгінгі күн назарындағы мәселе.
Қазақтың тарих керуені талай белестермен күрделі жолдарды жүріп өтті. Сондықтан бай тарихымызда даңқы асқақ ғұмыры елге үлгі баһадүр батырларымыз қаншама. Солардың бірі Бәйімбет ұлы Байтайлақ батыр.
Заманында көзсіз ерлігімен танылған Байтайлақ атамыз 1695-1743 жылдары өмір сүрген. Жоңғарға қарсы күресте алғы шепте болып, қазақ жерін жаудан азат етуге жан аямай күрескен ерлігі ауыздан ауызға аңыз болып жеткен батырдың бірі.
Қазіргі кезеңде даңқты Байтайлақ батырдың ерлігін ұлықтау бағытында «Ұзынмылтық Байтайлақ батыр» қоры құрылып, ел астанасында өз қызметін жүргізіп жатыр. Батырдың азаттық күресіндегі ерлігімен батырлығын, елдікке шақырған даналығын ұрпаққа үлгі ету мақсатында батыр туралы тарихи туынды және киносценарий жаздыру ісі қолға алынды.
Белгілі ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әскерхан Ақтай «Байтайлақ батыр-Баршын ханша» атты тарихи драмасын жазып аяқтап, Ерболат Рахымбай мырзаға табыс етті.
Алдағы уақытта бұл туындыны сахнаға шығарып, Қазақстанда және батырдың ұрпақтары тұратын Моңғолияда көрерменге ұсыну шарасы іске асқалы отыр. Тарихи драманың өзегі достық пен татулық, жауға қарсы күрестегі қазақ батырларының бірлігі, шынайы суреттелген.