Екібастұз ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қыркүйек айының соңына дейін үш энергетикалық және үш су жылыту қазандығы дайын болады. Қалған 4 қазандықты жөндеуді қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
ЖЭО-ның жабдықтарын жаңартумен қатар, жылу магистральдарын реконструкциялау бойынша жұмыстар да мерзімінде жүргізілуде. Жұмыстарды 22 қыркүйекке дейін толықтай аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар, облыс әкімі тұрғын үйлердің жылу қабылдауға дайындығын тексерді. Көпқабатты 690 тұрғын үйдің 665-інде барлық дайындық шаралары орындалды - жылу жүйелерін жуу, сығымдау және т.б. Қалған үйлер бойынша жұмыстарды ағымдағы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері облыстың қалалары мен аудандары әкімдерінің жұмысында басымдыққа ие болуы тиіс және ол менің қатаң бақылауымда болатынын еске саламын, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Сондай-ақ, облыс әкімі екі көппәтерлі үйдің тұрғындарымен кездесті. Олар алдағы жылу беру маусымына, аулаларын одан әрі абаттандыру және т.б. қатысты сұрақтарын қойды.
Сонымен қатар, аймақ басшысы бірінде шатыры мен акт залына күрделі жөндеуді, ал, екіншісінде терезелері мен есіктерін ауыстыруды және спорт алаңын орнатуды қажет ететін № 10 және 23 мектептерде болды. Барлық жоба бойынша тиісті құжаттама дайындалуда. Асайын Байханов білім басқармасына осы жобаларды бақылауға алуды және оларды келесі жылы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.