Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Түркістан облысы Бәйдібек ауданында 9 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығының өнім көлемі 22,4 млрд теңгеге жеткен.
Оның ішінде, мал шаруашылығы - 11,4 млрд, ал өсімдік шаруашылығы - 10,7 млрд теңге. Негізінен ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялардың өсімі 5,1 млрд теңгеге жетіп, жылдық жоспар 102,1 пайызға артығымен орындалған.
Сонымен қатар ауданның негізгі капиталына тартылған инвестицияның жалпы көлемі 8,1 млрд теңге. Оның 646,7 млн теңгесі жергілікті бюджеттен, 7 млрд 199,1 млн теңгесі меншікті қаражат есебінен, ал 297,9 млн теңгесі басқа да қаражат есебінен тартылған.
Бұдан бөлек, жоспарланған өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1 млрд 17,5 млн теңге, бөлшек сауда көлемі 1,846 млрд теңге көрсеткішімен тіркелді.
Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 4 528 болса, оның 469-ы заңды тұлғалар, 1 569-ы жеке кәсіпкерлер, 2 490-ы шаруа қожалықтарының иелері.