«Партия мүшелерінің 30% – педагогтар». Байбек ұстаздарды құттықтады

4 Қазан 2020, 15:12
1724
Бөлісу:
«Партия мүшелерінің 30% – педагогтар». Байбек ұстаздарды құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ұстаздар қауымын төл мерекесімен құттықтап, Facebook-тегі парақшасында жазба жариялады. 

Ол өз құттықтауында ұрпақ тәрбиесі мен мемлекеттің болашағы үшін ұстаздың үлесін айрықша атап өтіп, ұстаз мәртебесін көтеру үшін жасалып жатқан шараларға тоқталды. 

Қадірлі ұстаздар! Сіздерді Nur Otan партиясы және өз атымнан төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн ұстаз алдын көрген, тәлім-тәрбиесін алған барша азаматтың жүрегіне ерекше ыстық. Адамзат үшін ұстаз – дүниедегі ең аяулы да ардақты есімдердің бірі. Мемлекеттің идеологиясы, қоғам құндылықтары, ғылым мен өнердің асыл мұрасы ұстаздың тәлім-тәрбиесі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартып келеді. «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» - деп ұлы Абай айтқандай, жас ұрпақты азамат етіп тәрбиелеудегі үлестеріңізді айрықша атап өткім келеді. Ұрпақ болашағы, мемлекетіміздің келешегі – сіздердің қолдарыңызда, - деді ол.

Оның айтуынша, қазір еліміздегі білім саласында жарты миллионнан астам адам еңбек етуде. 

Біздің партия мүшелерінің 30% – педагогтар. Партия ұстаздардың мүддесін қорғап, әлеуметтік жағдайын жақсарта түсу бағытында жүйелі жұмыс жасап жатыр. Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленіп, қабылданды. Бұл мұғалім мамандығына деген қызығушылықты арттыруға, әлеуметтік кепілдік жүйесін одан әрі жетілдіруге жағдай туғызды. Тәуелсіздік жылдары Елбасы басшылығымен 2 мыңға жуық жаңа мектеп салынды, соңғы бес жыл ішінде ғана партияның 2016-2020 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 3 мыңнан астам балабақша ашылып, бұл мектеп жасына дейінгі балаларды қамту көлемін 86%-дан 98,5%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен төрт жыл көлемінде педагогтардың жалақысы 2 есе көбейетін болды. Бұның барлығы – Елбасы мен Президент саясаты сабақтастығының нәтижесі, ұстаз мәртебесін көтеру үшін жасалып жатқан шаралардың нақты көрсеткіші, - деп атап өтті Байбек. 

Бауыржан Байбек пандемия кезінде мектептердің бәрі қашықтан оқытуға көшкенде баланы тәрбиелеу мен оған білім беруде мұғалімнің маңызы қаншалықты зор екеніне баршаның көзі жеткенін айтты.

Осыған байланысты туындаған кейбір қиындыққа қарамастан, ұстаздарымыз өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заман талабына сай міндеттерін абыроймен атқаруда. Сондықтан да біз шәкірттерінің санасына білім нәрін құйып жүрген ұстаздарымызды әрдайым мақтан тұтамыз. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, шығармашылық табыс тілеймін!, - деді Бауыржан Байбек.

Өзгелердің жаңалығы