Баяулап кетті. Депутат Солтүстік пен Шығыс Қазақстанға көшетіндердің саны азайғанын айтты

2 Маусым 2021, 17:32
14587
Бөлісу:
Баяулап кетті. Депутат Солтүстік пен Шығыс Қазақстанға көшетіндердің саны азайғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мейрамбек Төлепберген Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарына қоныс аудару процесі баяулағанын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында еліміздің қауіпсіздігіне тікелей қатысты ішкі және сыртқы көші-қон мәселесінің елімізде ерекше маңызы мен өзектілігі бар екенін атап өтті. Осы бағытта ел тәуелсіздігі жылдарында қыруар іс атқарылды. Дей тұрғанмен, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында демографиялық жағдай әлі де тұрақтандырылмай отыр. Демографиялық жағдайының қиындығына орай республикалық бюджет қаржысы есебінен қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың, Айыртау және Қызылжар аудандарында өткен жылы қоныс аударушыларға арналған баспаналар сапасыз салынғандығы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде өткір сыналды, - дейді депутат.
Ол Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясының мүшелерінің осыған байланысты мынандай ұсыныстарын айтты:

1. Қазіргі уақытта ішкі және сыртқы көші-қонның стратегиялық маңызы артып отырғандығын және «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес, 2025 жылға дейін 80 мың қандастың, оның ішінде 2021 жылы 12 мың қандастың қайта оралуына жәрдемдесу жоспарланғандығын ескеріп, бір кезде Үкімет жанында болған Көші-қон және демография агенттігін қайтадан құру мәселесін қарастырған жөн.

Себебі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті көші-қон мәселелерімен жеткілікті айналысады деу қиын. Аталған агенттікті құру шетелдерде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың құқықтарын қорғау тұрғысынан да қажет.

2. Соңғы жылдары отандастардың Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына қоныс аудару процесі баяулап қалған, сол себептен жергілікті атқарушы органдар осы жұмысты жандандыруы тиіс. Өйткені бұл мәселелер мемлекет пен халықтың мүдделері тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.

3. Қандастар мен қоныс аударушыларды өңірлерде қабылдау, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне жүйелі мониторинг жүргізіп, тұрақты бақылауда ұстау, сондай-ақ көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға тиісті басшылардың жауапкершілігін қатайта түскен жөн.

4. Қаржы мониторингі агенттігі қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетуге және оларды жұмысқа қабылдаған шаруашылықтарға төленген субсидияларға жұмсалған бюджет қаржысының мақсатқа сай жұмсалуына қажетті тексеріс жүргізуі керек.

Өзгелердің жаңалығы