Павлодар облысында туризмді дамыту бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Соның бірі – Баянауыл ауданында салынып жатқан сапар-орталығы мен туристерге арналған шолу алаңы. Жаңа нысандарда демалушылар өңірдің тарихы, табиғи ерекшеліктері мен туристік бағыттары туралы барлық ақпаратты бір жерден ала алады. Сапар-орталығында өлкетану музейі мен мәжіліс залы орналасады.
Баянауылға келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Жаз мезгілінде ауданға шамамен 200 мыңға жуық адам келсе, қысқы кезеңде Мырзашоқы тау-шаңғы кешенінде 15 мыңдай турист демалады.
Баянауыл ауданы экономикасының нақты секторы бөлімінің бас маманы Әділет Серіктің айтуынша, сапар-орталығының іргетасы толық қаланып, қазір ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Туристік кешендердің басым бөлігі Жасыбай демалыс аймағында орналасқан. Көлге түсетін салмақты азайту үшін жаңа жобалар қолға алынып, нәтижесінде қосымша жағажай мен табиғатты тамашалауға арналған шолу алаңы салынды.
Баянауыл ауылдық округінің әкімі Фархат Дәрібаевтың мәліметінше, 2025 жылы Сабындыкөл көлінің жағалауын абаттандыруға облыстық бюджеттен 623 миллион теңге бөлінген. Жоба аясында ұзындығы 1 200 метр болатын террассалық жаяу жүргіншілер жолы, екі заманауи санитарлық-гигиеналық торап, 19 бейнебақылау камерасы мен 24 жарықшам орнатылды. Сондай-ақ күннен қорғайтын зонттар мен шезлонгтар қойылды.
Жаңа туристік жобалар жергілікті тұрғындар үшін де тиімді болмақ. Алдағы уақытта фудкорттар мен сауда павильондары ашылып, ауыл халқының кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік туады.