Баянауылдың туристік әлеуетін арттыруға жеке инвестициялар құйылды
PHOTO
23 Шілде 2020, 15:34 1359

Баянауылдың туристік әлеуетін арттыруға жеке инвестициялар құйылды

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Баянауыл ауданының туристік әлеуетін арттыруға жеке инвестициялардың 1 млрд теңгесі құйылды. Ал аймақты абаттандыруға жыл басынан бері 600 млн теңге бөлінген. Басты мақсат - тынығушыларға сапалы қызмет көрсету.

Еске салсақ, Баянауыл ауданының демалыс орындары биылғы 16 маусымнан бері жабық. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты болмағандықтан, туристерді қабылдау уақытша тоқтатылды. Бүгінде демалыс аймағында 54 демалыс үйі бар. Олардың 44-і Жасыбай көлінің жағасында шоғырланған.

Баянауыл аудандық спорт және туризм бөлімінің басшысы Зейнолла Тәліповтің айтуынша, карантинге қарамастан, демалыс орындарын абаттандыру және құрылыс жұмыстары тоқтаған емес.


Өңірдегі Торайғыр, Сабындыкөл және Жасыбай көлдерін абаттандыру жұмыстарына шамамен 200 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта коммерциялық мақсаттағы 15 жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында екі тамақтану орны бар. Бүгінде жұмыстар 90%-ға орындалды. Қазіргі уақытта 13 демалыс орнында күрделі жөндеулер жүргізілуде, - дейді Зейнолла Тәліпов.


Курорттық аймақта құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жеке инвесторлар үш көлдің жағалауын абаттандырып, жаңа демалыс орындарын ашуға ниетті. Константин Вальтер Баянауылда жыл он екі ай жұмыс істейтін демалыс үйін ашқысы келеді. Қазіргі уақытта арманына жету үшін еуропалық стандарттарға сай демалыс ошағын іске қосқан. Әттеген-айы, карантинге байланысты демалысқа рұқсат жоқ.


Инвестор жаңа нысанды салуға 2 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсаған.

Қазір қонақүйлеріміз бос тұр. Карантин ғой. Баянауылда еуропалық сервис болғанын қалаймын. Халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетуге тырысамыз. Еуропалық ас ұсынамыз. Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында тәжірибе жинақтаған аспаздарымыз бар, - дейді Константин Вальтер.


Карантин кәсіпкерлерді нәпақадан айырса, "Баянауыл" ұлттық паркі қызметкерлерінің қуанышында шек жоқ. Тынығушылардың болмауынан аймақтың өсімдіктері мен жануарлар әлеміне пайда келтірген.


Орманшылардың айтуынша, табиғат көз алдында қалыпқа келе бастады. Арқарлар, тау ешкілері көлдерге жақын келіп, қаз-үйректер де көбейген. Бұл - бұрын-соңды болмаған құбылыс.

 

 

 


Фото: автордан
Загрузка...