Байқоңыр қаласын Ресейге жалға беру мерзімі аяқталуы мүмкін

11 Сәуір 2019, 14:06
5232
Бөлісу:
Байқоңыр қаласын Ресейге жалға беру мерзімі аяқталуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы зымыран ұшырылатын алаңдарды ғана Ресей үкіметіне жалға беруді қалдырып, Байқоңыр қаласын Қазақстанның құзыретіне беру мәселесін көтерді.

«Қызылорда өңірінен сайланған Парламент мүшесі ретінде жылына екі рет Байқоңыр қаласымен бірге Төретам, Ақай елді мекендерін аралап, халықпен, кәсіпкерлермен кездесеміз. Байқоңыр қаласында 70 мың халық тұрады. Оның 70%-ға жуығы – Қазақстан азаматы. 1995 жылдан осы кезге дейін Байқоңыр ғарыш айлағына байланысты 18 ратификация мен құқықтық акті қабылданған екен. Бүгін 19-шысын қабылдап отырмыз», - деп бастады сөзін депутат.

Ол өкінішке қарай, Байқоңырда тұратын Қазақстан азаматтарының әлі де болса көптеген мәселесі шешілмегенін айтып, олардың бірқатарын Парламент Сенатының жалпы отырысында көтерді. 

«Бірінші, тариф өте қымбат. Екінші, Байқоңыр қаласында кәсіпкерлер несие алу үшін жерлерін жалдатуына байланысты банктегі ғимараттарды қоя алмайды. Біз бұл мәселені 10 жыл бойы көтеріп келе жатырмыз, сонда да шешімін таппады. Үшінші, қосарланған салық төлеу. Мысалы, қазақстандық кәсіпкерлер қосымша құн салығының 12%-ын – Қазақстанға, тауарды алып келген соң 20%-ын РФ-ға төлейді. Тауар 32% -ға қымбаттап шыға келеді. Төртінші, Байқоңыр қаласының инфрақұрылымы. Осы кезге дейін Ресей тарапынан бір тиын ақша салынған жоқ. Біз сала алмаймыз, өйткені Байқоңыр қаласы Ресейге жалға берілген. Бесінші, 2013 жылы шілдеде Байқоңырда протон зымыраны құлап, ауада 60 тонна гептил жарылған болатын. Сол кездегі министрлік осының шығыны 13 млрд үстінде деп есептеп, Ресейге берген. Осы кезге дейін одан әлі хабар жоқ. Сұрақ: осы жоғарыда айтылған мәселелер қай уақытта шешімін табады? Таппайтын болса зымыран ұшырылатын алаңдарды ғана Ресей үкіметіне жалға беруді қалдырып, Байқоңыр қаласын Қазақстанның құзыретіне беру туралы сіздің пікіріңіз қандай?» - деп сұрады Бақтиярұлы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Марат Нұрғожиннен. 

Нұрғожин бүкіл сұрақтар мемлекетаралық комиссияның бақылауында екенін, ал қаланы кезек-кезеңімен жалға беруден шығару Қазақстан тарапының күн тәртібінде тұрған мәселе екенін атап өтті. 

«Біз Қазақстанның ішкі мемлекеттік органдарымен бірге осы жағдайдағы артықшылықтарды және кемшіліктерді, шығу жолдарын егжей-тегжейлі талқылаудамыз. Ресей ғарыш басшылығымен ауызша талқыладық. Бұл оңай мәселе емес. Артықшылығы да, кемшілігі де бар. Талқылаулар туралы сізге жеке хабарлайтын боламыз», - деп жауап берді министрдің міндетін атқарушы. 

 Ол нақты сұрақтарға да жауабын беріп, тариф бағасын төмендету қалай жүзеге асатынын айтып берді. 

«Тариф саясаты - Қазақстан азаматтары қаншама жыл арқалап келе жатқан өте дұрыс көтерілген мәселе. Мемлекеттік органдардың талқылауында Арнайы экономикалық аймақ тұжырымдамасы жатыр. Онда күн электр станциясы жобасы қарастырылып жатыр. Қызылорда облысы әкімдігімен бірге инвесторларды тарту көзделіп отыр. Осы сәуірде Мәскеуде Энергетика министрлігі қаланы және ондағы нысандарды газдандыру туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Бұл газ жеткізу тарифтерін айтарлықтай төмендетеді және сұйылтылған газдан табиғи газға өтуге ықпал етеді. Қазірдің өзінде 5 қазақстандық мектеп, балабақша, медицина орталығы қосылды. Қазір Байқоңыр қаласы әкімшілігі тұрғын үйлердің ішіне газ тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл да тариф саясатына әсер етеді», - деп айтты ведомство басшысы. 

Нұрғожин Қазақстан тарапы Байқоңыр қаласындағы сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатқанын айтты. Ал қосарланған салықтан босату туралы РФ Мемлекеттік думасында заңнама қаралатынын мәлімдеді.

«Қосарланған салық –  өзекті мәселе. 2017 жылы келісім хаттамасына сәйкес бизнестің ірі санатындағы кәсіпкерлер қосарланған салықтан босатылды. Нәтижесінде, шағын және орта бизнес осы жағдайға тап болды. Қаржы министрлігі мәселені шешу үшін Ресеймен жақсы жұмыс істеп жатыр. Ресейдің Қаржы министрлігімен Байқоңырда жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қосарланған салық салудан босататын Салық кодексіне өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңында РФ Мемлекеттік думасымен заңнама қабылданады деп күтілуде», - деп сөзін түйіндеді ол.

Айта кетсек, бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «1995 жылғы 23 желтоқсандағы ҚР мен РФ арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР заң жобасы мақұлданған болатын.

ҚР Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева да осы мәселеге қатысты өз ойын айтты.

«Бұл мәселе бойынша бірталай жұмыстар алдымызда тұр. Бір күнде бәрі шешілмейді. Бірақ та осыған әлдеқашан назар аударып отырсақ, алға жылжитынына сенімдімін», - деді Назарбаева.


Өзгелердің жаңалығы