Мемлекеттік кеңесші Президент атынан «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының туыстарына Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2025 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары кезінде аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешімін жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойған болатын.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Алматыда Ұлы Отан соғысында ерлік пен батылдық көрсеткен Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова мен немересі Ержан Момышұлына Президент атынан айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін тапсырды.
Халқымыз Бауыржан Момышұлын әрдайым батыр деп біледі, қаһарман деп қастерлейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы шешімі халықтың оған деген ыстық ықыласын одан әрі арттыра түсті. Ең бастысы, көптен күткен тарихи әділдік қалпына келтірілді, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Сондай-ақ Ерлан Қарин қайсар рух пен өр мінездің символына айналған Бауыржан Момышұлының өмірі жас ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті.