Бауыржан Байбек: Біз халықты ести де, тыңдай да білуіміз қажет

5 Шілде 2019, 21:52
1647
Бөлісу:
Бауыржан Байбек: Біз халықты ести де, тыңдай да білуіміз қажет

Алматы, BAQ.KZ. «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді. Партияның Алматы қалалық филиалының кезектен тыс XXV конференциясында Бауыржан Байбек партия жұмысын жетілдірудің басты міндеттерін атап көрсетті.

Алдымен ол еліміздің дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтып, соған байланысты партияның алдында ауқымды міндеттерге назар аударды. Оның айтуынша, партия үнемі ілгері жылжып, қоғамның талаптарына сай дамып отыруы керек.

«Біздің партия барша қазақстандықтарды біріктіретін еліміздегі ең басты күш. Біз халықты ести де, тыңдай да білуіміз қажет. Бұл – Елбасы, партия Төрағасының тікелей тапсырмасы. Сондықтан адам құқықтары мен еркіндігін қорғау, лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, оны оң шешу, қашанда елмен етене болу партия жұмысының басым бағыты», – деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар ол партияның Елбасының барлық стратегиялық бағдарламалары мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысын партиялық бақылауды күшейту керектігін айтты. Алдағы уақытта барлық партиялық жобалар қайта қаралып, халықтың өмірін жақсартуға бағытталған нақты бастамалар бойынша жұмыстар жандана түспек.

Үкіметтің жұмысына да тиімді партиялық бақылау жүргізіліп, министрлер мен әкімдердің тек мемлекеттік органдардың басшылары ретінде ғана емес, партия мүшесі ретінде де жауапкершілігі арта түседі. Бұл сөздің Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракцияларға да қатысы бар.

«Біздің басты міндет – халықтың сенімін күшейту. Өйткені біз халықтың партиясымыз. Сондықтан біз саннан сапаға басымдық беріп, партия қатарында белсенді түрде «тазалау» жұмыстарын жүргіземіз», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек партияның пікірталас алаңдарында қоғамды алаңдатқан мәселелерді ашық әрі нақты айтуы керектігін назарға алды. Одан бөлек, партия алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдармен жұмысқа да баса мән бермек.

«Nur Otan» саяси, бірақ үкіметтік емес ұйым. Сондықтан біз үкіметтік емес ұйымдармен байланысты күшейтіп, оларға жағдай жасауымыз керек. Әсіресе, Алматы сияқты ірі қалаларда бұл басымдықтың маңызы зор. Біздің қолымызда билікке әсер ете алатын тетіктер бар. Соны тиімді пайдалануымыз қажет. Осыған орай Мемлекет басшысы партияға Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына белсенді қатысуды тапсырды», – деген Бауыржан Байбек партияның көп балалы аналар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар сияқты барлық әлеуметтік топпен жұмыс істеуі керектігін тілге тиек етті.

Сонымен қатар партия алдағы уақытта талдау жұмыстарын жетілдіру, «Jas Otan» жастар қанатының жұмысын жаңғырту, халықпен кері байланысты күшейтіп, партияның қоғамдық қабылдау жұмысын түбегейлі қайта жандандыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын әрі қарай жалғастыру, тиімді ақпараттық жұмыс жүйесін қалыптастырып, партияның медиалық әлеуетін күшейту, әлеуметтік желілердегі белсенділікті арттыру сияқты жұмыстарды қолға алады.

Жиын барысында таяуда ғана Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған Бақытжан Сағынтаев партия активінің бірауыздан қолдауымен қалалық партия филиалының төрағасы болып сайланды.

Өзгелердің жаңалығы