Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы "Nur Otan" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қызылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында өтіп жатқан "Абай жолымен" атты ақындар айтысының ашылуында мәлімдеді.
Абайдың 175 жылдығына арналған "Абай жолымен" атты республикалық ақындар айтысына ақын Жүрсін Ерман жетекшілік еткен еліміздің әр өңірінен айтыскерлер қатысуда. Олардың өнерін көруге келген халықтың қарасы қалың. Сонымен қатар, "Nur Otan" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов та сөз сайысының ашылуында ақындарға қолдау көрсетіп, өнерін тамашалады.
Бүгін Сыр өңіріне келіп, Шиелі, Жаңақорған аудандарында болып, тұрғындармен кездестім. Олармен сөйлесіп, пікірлерін, кемшіліктерді тыңдадық. Қазір өздеріңізбен бірге ақындар айтысын тамашалауға келіп отырмын. Елбасы, "Nur Otan" партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша халқымыздың төл өнері – айтысты қолдап, дамытуды қолға алды. Өткен жылы партиямыздың қолдауымен 9 республикалық айтыс өтсе, биыл елімізде түрлі деңгейдегі 77 айтыс өтеді, – деген Бауыржан Байбек айтыскерлерге сәттілік тіледі.
Айтысқа Әсия Беркенова бастаған Алмас Алматов, Ғалым Жайлыбай, Жанарбек Әшімжан, Бауыржан Халиолла сынды елімізге танымал ақын-жыраулар қазылық етуде.
Абай десе – қазақ, қазақ десе – сөз өнері ойға оралады. Ал сөз өнері десек, айтыс еске түседі. Бұл – өнердің биік шыңы. Сондықтан айтыстың, айтыскерліктің бағы жанып, еліміздің басты партиясының қолдауымен өрлеп келе жатыр. Талай облыста айтыс өтті. Ал бүгінгі айтыстың ерекшелігі «Абай жолымен» деген тақырыппен өтуінде. Абайдың өлеңдері, қарасөздері, шығармашылығы – қазақтың моральдық кодексі болу керек деп ойлаймын. Сондықтан айтыста айтыскерлер өмірді Абайдың сөзімен сүруге шақырады деген үмітіміз бар, – дейді қазылар алқасының төрайымы Әсия Беркенова.
Белгілі жырау Алмас Алматовтың пікірінше, Абай – қазаққа ғана емес, адамзатқа ортақ тұлға.
Ай – ортақ, Күн – ортақ, Жер – ортақ, еліңнен шыққан – ер ортақ, данадан қалған – сөз ортақ. Абай мұрасы – адамзатқа қалған ортақ қазына. Сондықтан әрбір дәуір жаңаланған сайын даналық сөздің қадірі артып, қыры мен сыры ашыла береді. Қысқасы, сөз өлмейді. Егемен еліміз үшін 21 ғасырда да ұлттық рух, мүдде тұрғысынан Абайды жаңаша тану – біздің идеологиялық тірегіміз болу керек. Бүгінгі айтыс, яғни сөз өнері Абайды танудың талпынысы, жаңғырудың белгісі. Абайды ақын деңгейінде білдік, оны адамзат деңгейіндегі тұлға ретінде тануымыз керек, – дейді Алмас Алматов.
Айта кетейік, Серік Құсанбаев, Кенжебай Жүсіпов, Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұғатаев, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтан, Бексұлтан Орынбасаров, Аян Ниязбек және тағы басқа дүлдүл айтыскерлер сөз додасына түсіп, бақтарын сынауда.