Байбек Әзербайжан мен Еуропаның саяси ұйымдары өкілдерімен кездесті

29 Қараша 2021, 16:07
1065
Бөлісу:
Байбек Әзербайжан мен Еуропаның саяси ұйымдары өкілдерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек елордада өтетін «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер және келешегі» атты халықаралық форум қарсаңында Әзербайжан мен Еуропаның саяси ұйымдары өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.

«Ени Әзербайжан» партиясы Төрағасының орынбасары Таир Будаговпен кездесу барысында партияаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Тараптар тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжанның экс-президенті, «Ени Әзербайжан» партиясының негізін қалаушы Гейдар Әлиев бауырлас екі елдің арасында сапалы жаңа байланыстың іргетасын қалағанын атап өтті. Олардың арқасында Қазақстан мен Әзербайжан егеменді республикалары арасында берік қарым-қатынас орнады.

Айта кету керек, бүгінде Қазақстанда 100 мыңнан астам әзербайжан ұлтының өкілі тұрады. Олардың арасында табысты және танымал қазақстандықтар аз емес. Мысалы, «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ғалым және қоғам қайраткері Асылы Осман, Олимпиада чемпионы, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Ниджат Рагимов және т.б. «Ени Әзербайжан» да Nur Otan сияқты оңшыл-орталықшыл саяси партия болып табылады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Бауыржан Байбек Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясындағы Еуропалық консерваторлардың хатшысы Том Ван Дайкпен, Ұлыбританияның консервативті партиясының өкілі Лорд Джеймс Уортонмен және Халықаралық саяси кеңесшілер қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Мёрфимен кездесті.

Кездесу барысында партиялық-саяси жүйелерді дамытудың өзекті мәселелері, заманауи электоралдық трендтер, сондай-ақ Nur Otan партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер және келешегі» атты Халықаралық форумның күн тәртібі талқыланды.

Іс-шараға Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия, Ұлыбритания, Бельгия және басқа да елдерден келген шетелдік және отандық сарапшылар, саяси партиялардың, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпустың өкілдері қатысады.

Өзгелердің жаңалығы