Батысқазақстандық жастар 15 мың түп көшет отырғызды

14 Сәуір 2019, 10:12
2856
Бөлісу:
Батысқазақстандық жастар 15 мың түп көшет отырғызды
Фото: автордан

Батыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. БҚО-да Тұңғыш Президенттің бастамасымен қолға алынған «Жасыл қала - жасыл ауыл» жалпыұлттық жобасы аясында 15 мыңнан астам жас көшеттер отырғызылды.

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтың тапсырмасына сәйкес, аймақта алдағы 2 ай бойы экологиялық айлық өткізу жоспарланған. Сенбілік барысында жаңадан жас көшеттер отырғызылып, облыс орталығы мен барлық аудандарда жасылдандыру шаралары қолға алынады. Бұл жолғы сенбілік аясында әуежайға шығар жол бойында 2 мың түп ағаш отырғызылды.

Батысқазақстандық жастар 15 мың түп көшет отырғызды

«Жайық өңірі республика бойынша экологиялық тұрғыдан ең таза аймақ болып саналады. Осынау жоғары атақты сақтап қалу үшін біз жыл сайын осындай шараларды көптеп өткізіп тұруымыз керек. Оған бізде мүмкіндік мол. Су ресурстары жеткілікті, мамандар бар, орман шаруашылықтары мен көшеттерді өсіруге арналған тәлімбақтар жасақталған. Сондықтан, мұндай шаралар бір күнмен шектелмей, жыл бойы жалғасын табуы тиіс», - дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев.

Батысқазақстандық жастар 15 мың түп көшет отырғызды

Сенбілікке Орал қаласынан келген 150-дей жас та өз үлестерін қосты. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошевтың айтуынша, мұндай шаралардың жас буынға берер тәрбиелік мәні орасан зор. 

Батысқазақстандық жастар 15 мың түп көшет отырғызды

«Жасалған жұмыстардың нетижесі бүгін-ертең білінбегенімен келешекте ну орманға айналып жайқалып тұрар ағаштар өңіріміздің экологиялық ахуалын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз. Сондықтан, аймақтағы әрбір жас мұндай қайырымды істерден шет қалмақ емес»,- дейді Аян Сакошев. 

Биылғы көктем айларында өңірде жалпы саны 50 мыңдай ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бұл жолғы шарада негізінен қарағай, терек, шаған секілді ағаш көшеттері егілді. Облыс орталығында соңғы жылдары қарағай мен боз арша секілді ағаштар отырғызу да кең тарап келеді.

Өзгелердің жаңалығы