Батыс Фландрия өңірінде екіжақты ынтымақтастық болашағы талқыланды

23 Ақпан 2022, 14:50
1328
Бөлісу:
Батыс Фландрия өңірінде екіжақты ынтымақтастық болашағы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан елшісі Марғұлан Баймұхан Бельгияның солтүстігіндегі Батыс Фландрия провинциясында болып, бірқатар қаланың әкімдерімен және бизнес өкілдерімен кездесті.

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Батыс Фландрия ауыл шаруашылығы мен порт инфрақұрылымы басым дамыған ірі провинциялардың бірі болып саналады. Провинция аумағында 13 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, мұнда Бельгияның ең ірі екінші порты Зебрюгге орналасқан.

Штаден және Лихтервельде қалаларының мэрлері Франческо Вандерьюгдпен және Риа Бьюсарт-Паттинмен кездесулер барысында тараптар жергілікті өзін-өзі басқару, сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастық перспективаларын және Қазақстанға өңірлік бизнес миссияларын ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Аталған қалалардың әкімдері  елімізбен мәдени байланысты арттыруға мүдделі және бірқатар бірлескен іс-шара ұйымдастыруды ұсынды. Қазақстандық дипломат Бельгияның жергілікті өзін-өзі басқару өкілдерін Наурыз мейрамын тойлау аясында елшілік ұйымдастыратын алдағы іс-шараларға шақырды. Өңіраралық ынтымақтастықты, сондай-ақ қазақстандық саяси партиялармен партияаралық диалогты дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

«AlliA Insurance Brokers NV» басқарма төрағасы Джозеф Лебонмен жеке кездесу барысында компанияның қызметі таныстырылып, фирманың қазақстандық нарықтағы қызметі бойынша нақты ұсыныстар талқыланды. 1979 жылы құрылған бельгиялық отбасылық компания жылдық айналымы 450 млн еуроны құрайтын екінші ірі сақтандыру компаниясы болып табылады. Сондай-ақ Фламанд аймағындағы Құрметті консулдық қызметін жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Жақын арада қазақстандық және фламандтық іскер топтар арасында B2B кездесулері ұйымдастырылады.

Лихтервельде қаласында Марғұлан Баймұхан зығыр тұқымын өңдейтін және зығыр майын шығаратын «Linagro» зауытына барды. Отбасылық кәсіп иесі Мерийн Хаекпен кездесу барысында агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың нақты мәселелері талқыланды. Бельгиялық компания бірқатар қазақстандық экспорттаушылармен ынтымақтасудажәне 2021 жылы құны 50 млн еуродан асатын 70 мың тоннаға жуық қазақстандық зығыр тұқымын импорттаған.

Бельгиялық импорттаушының айтуынша, қазақстандық зығыр сапасымен және май сығындысының жоғары құрамымен ерекшеленеді. Зауыт өңдейтін шикізаттың 70 пайызы қазақстандық зығырдан тұрады.

Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны майлы дақылдар нарығындағы жағдаймен және шетелдік инвесторлар үшін инвестициялық преференциялармен таныстырды. Жүздесу нәтижесінде «Linagro» компаниясының қазақстандық экспорттаушылармен байланыстарын кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстандық статистикалық деректерге сәйкес 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан зығыр өндіру бойынша әлемдік көшбасшылықты сақтап қалды. 2020-2021 жылдары Қазақстан Қытайға, Бельгияға және Польшаға 500 мың тоннадан астам зығыр экспорттады.

Өзгелердің жаңалығы