Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мұндай ойды елордада өтіп жатқан Азия қаламгерлерінің І форумының пленарлық отырысында Нобель сыйлығының номинанты, Оңтүстік Кореялық ақын, жазушы Ко Ын айтты.
«Біріншіден мені және менің досымды осындай үлкен форумға шақырғандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Азияның пәлсапасы өте тереңде жатыр. Бізде табиғат та, жаратылыс та сан алуан. Расында да бізге жаңа бір нүктеде тоғысу керек. Ол үшін біз әрбіріміз еркін, тәуелсіз болуымыз керек. Белгілі деңгейде Батыс әдебиетінің шеңберінен, шектеуінен шығып, шығыстық кереметтерді көрсетуіміз қажет. Мұндай дүниелер бізде аз емес. Мысал ретінде лирикалық поэмаларды, ауыз әдебиеті арқылы жеткен дүниелерді айтуға болады. Біз бүгінде бұл құндылықтарды өз аймағымызда ғана, Азия көлемінде ғана дамытып жүрміз. Негізі Азияның әдебиеті бүгіннің де, келешектің де әдебиеті», - деді Нобель сыйлығының номинанты ақын, жазушы Ко Ын.
Бұған дейін Азия елдерінің қаламгерлері бас қосқан І форумға қатысқан қазақстандық жазушы Дулат Исабеков бұл форум қазақ қаламгерлеріне не беретінін айтқан болатын.