Әскери бөлімдерге батырлардың есімі берілді

2 Қазан 2019, 13:37
2939
Бөлісу:
Әскери бөлімдерге батырлардың есімі берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері ендігі уақытта қазақстандық армия тарихында маңызды рөл атқарған құрметті әскери қызметшілердің есімімен аталатын болады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Өскемен қаласындағы әскери бөлімге Халық қаһарманы полковник Қасым Қайсеновтің есімі берілді.

Офицер Қайсенов І және ІІ дәрежелі Отан соғысының, «Чехословакия партизандары» ордендерімен, жау тылында партизандық ұрысты жүргізіп, 60 адамнан құралған партизандық жасақты құрғаны үшін ІІІ дәрежелі «Богдан Хмельницкий» орденімен наградталған. Сұрапыл соғыстан кейін Қасым Қайсенов Отанға оралып, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Президиум аппаратында, «Жазушы» және «Қайнар» баспаларында қызмет етті. Соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жұмысына қатысты. Қасым Қайсенов – Ұлы Отан соғысындағы қиын-қыстау кезеңдер мен қарапайым жауынгерлердің ерліктерін шынайы баяндайтын көптеген шығармалардың авторы. Олардың ішінде «Жас партизан», «Партизан соқпақтары», «Ажал аузында» сынды танымал туындалары, сондай-ақ орыс, украин және басқада тілдерге аударылған әңгімелер мен очерктары бар. Батырдың құрметіне Өскемен қаласында ескерткіш орнатылып, есімімен көше аталынды, Ұлан ауданының әкімшілік орталығы Қасым Қайсенов кенті деп өзгертілді.

Тараз қаласындағы әскери бөлімге генерал-майор Шәкір Жексенбаевтің есімі берілді.

Ұлы Отан соғысында Жексенбаев батыс бағытындағы әскерде қызмет етіп, 3-ші Брян армиясында, оңтүстік-батыс майданында, кейін 2-ші Прибалтикалық майданында химиялық қорғау бөлімінің бастығы лауазымын атқарды. 1943 жылы 14 қазанда Жексенбаевқа техникалық бөлімнің генерал-майор әскери атағы беріліп, Отан соғысының І дәрежелі орденімен, кейін жауынгерлік қызметі үшін Ленин және Қызыл жұлдыз ордендерімен наградталды. Зұлмат соғыс аяқталғаннан кейін генерал Жексенбаев химиялық қару және құрлық әскерлерін жабдықтау басқармасында қызмет етіп, В.Куйбышев атындағы Қызыл тулы әскери-инженерлік академиясында әскери-химиялық жұмыс жөнінде тәлім берді.

Әскери бөлімдерге отандас-батырлардың есімін беруге бөлімдердегі әскери қызметшілердің жеке құрамы бір ауыздан қолдады. Қазақстандық армияның жауынгерлік дәстүрін сақтап қалу мен Отан қорғаушылардың есімін дәріптеу идеясын Қорғаныс министрілігінің басшылығы қолдады.

Өзгелердің жаңалығы