Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады – Президент

16 Қараша 2022, 10:24
955
Бөлісу:
Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады – Президент

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе, жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Қалада пәтердің бағасы тым жоғары. Әрине, еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Бірақ, солай екен деп еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Әкімдік жалға берілетін тұрғын-үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ ол жаңғыртуға келмейтіндерін сүріп тастау қажет екенін айтты.

Қалада тұрғын үй тапшылығын азайту – аса маңызды міндет. Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті, жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Ал жаңғыртуға келмейтіндерін сүріп тастау қажет. Әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын. Жаңғырту жұмыстарының тұрғындарға қолайсыздық тудырмауын ойластыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы