Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Баспанасыз қалды: Алматы облысындағы өртке кім кінәлі

Нұрқанат Атажан
17 Қараша 2025, 10:02
419
Бөлісу:
 Талғар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Талғар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

16 қараша кешінде Талғар ауданына қарасты Қарабұлақ ауылындағы үш қабатты үйде өрт болды. Алдын ала нұсқа бойынша, өрт газ жарылуынан шыққан, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жергілікті тұрғындардың бірі желідегі парақшасында бұл қайғылы жағдайдың себебі – бірнеше жыл бойы уәде етілген орталық жылуға қосылмау екенін жазды.

Бұл трагедияның себебі – Талғар ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғындары, бес жыл бойы әкімдіктен орталық жылу жүргізілуін күтіп келеміз, алайда уәделерден басқа ештеңе жасалған жоқ. Адамдар қолдарынан келгенше жылынып отыр, біреулер көмірге жағылатын пеш қолданады, біреулер электржылытқыш, ал кейбірі газ баллондарын пайдалануға мәжбүр, – деп жазды ол.

Әйелдің айтуынша, өрт салдарынан балалар 80%-ға дейінгі ауыр күйікпен ауруханаға жеткізілген, ал көптеген отбасы баспанасыз қалған.

Бұған кім жауап береді? Егер әкімдік өз міндетін орындағанда, мұның бірі болмас еді. 2023 жылы мемлекеттік бюджеттен БМК салуға қаражат бөлінгені белгілі, бірақ ол ақшаның қайда кеткенін ешкім түсіндіре алмайды. Әкімдік тек уәде береді, бірақ ештеңе істелмейді, – деді жергілікті тұрғын.

Ал ТЖМ мәліметінше, өрт кезінде тек екі ересек адам зардап шеккен.

Оқиға орнына дереу құтқарушылар жоғары санатпен жіберілді. Өртті сөндіру штабы құрылды. Өртті сөндіруге газ-түтіннен қорғау қызметінің бес тобы тартылды, сумен жабдықтау өрт гидрантынан тасымалдаумен ұйымдастырылды. Барлау барысында қызметкерлер екінші қабаттан екі ересекті құтқарып, оларды жедел медициналық жәрдем тобына тапсырды, – делінген хабарламада.

Ведомство атап өткендей, одан да ауыр жағдайдың алдын алу үшін ішінде 18 пәтер орналасқан, 48 адам тұратын үйден 15 газ баллоны шығарылған.

Ал Талғар ауданы әкімдігі барлық қалаушыларға уақытша баспана ұсынылғанын, алайда тұрғындардың туыстарына орналастырылғанын хабарлады:

Зардап шеккендерге кафеде ыстық тамақ ұйымдастырылды. Таңертеңнен бастап шатырды жөндеу жұмыстары басталады. БМК жобасы сараптамадан өтуде, жаңа нысанның құрылысы келесі жылға жоспарланған. Жағдай тұрақты: барлық тұрғын қауіпсіз жерде, оқиға орны жедел қызметтердің толық бақылауында, – деді әкімдікте.

Өзгелердің жаңалығы