Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада банктердің, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері атынан шығып, тұрғын үй кезегін жылжыту немесе ипотеканы ресімдеу үшін ақшалай сыйақы сұрайтын алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті.
Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Алаяқтар өзін банк қызметкерлері, мемлекеттік мекемелердің қызметкері ретінде таныстырып, ақшалай сыйақы, несие рәсімдеу немесе төлеуді сұрайды.
Мәселен, биыл 17 желтоқсанда ішкі істер органдарына елорда тұрғыны арыз берген. Алаяқтар өзін елорда әкімдігіне қарасты тұрғын үй басқармасының қызметкері ретінде таныстырып, мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйді кезек бойынша жылжыту және жылдам алу сылтауымен қаражатын өз шоттарына алдап аудартады.
Ал елорданың тәртіп сақшылары алаяқтық жасаған ер адамды ұстады. Жәбірленушінің айтуы бойынша танысы екінші деңгейлі банктерде байланысы бар екенін айтып, ипотека рәсімдеуге көмектесуге уәде берген. Өз қызметі үшін ол алданған әйелден осы жылдың сәуір айында 2,2 млн теңге алған, бірақ бүгінге дейін уәдесін орындамаған.
Полиция департаменті қала тұрғындарына сақ болуды, тек сенімді ақпарат көздері мен ресми жарияланымдарға сенуді, банктердің, әкімдіктің және өзге де мемлекеттік мекемелердің ресми телефондарына қайта қоңырау шалып, тексеру керектігін ескертеді.