Баспаналы болғысы келетіндерге арзан ипотека: 1 маусымда бағдарлама басталады

1 маусымнан бастап Алматы жастары 5%-дық ипотека бағдарламасына өтінім бере алады.

Бүгiн 2026, 18:18
АВТОР
 pixabay.com Бүгiн 2026, 18:18
Бүгiн 2026, 18:18
94
Фото: pixabay.com

Алматыда жас мамандарға арналған «Алматы жастары» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау 2026 жылғы 1 маусымда басталады. Бағдарлама аясында қатысушылар жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен баспана сатып ала алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бағдарлама шарттарына сәйкес, қатысушылар 20 миллион теңгеге дейін несие рәсімдей алады. Ипотека мерзімі 25 жылға дейін беріледі. Ал бастапқы жарна тұрғын үй құнының кемінде 10 пайызын құрауы тиіс.

Бастапқы жарнаға арналған қаражат Отбасы банкіндегі депозитте сақталуы қажет. Сонымен қатар өтініш берушілер депозит бойынша үзіндіні алдын ала алып, оны PDF форматында порталға жүктеуі керек.

Мәселен, егер пәтер құны 22 миллион теңге болса, бастапқы жарна көлемі кемінде 2 миллион теңгені құрайды. Қатысушы одан да көп сома енгізе алады. Бұл жағдайда ай сайынғы төлем көлемі мен артық төлем азаяды.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

«Алматы жастары» бағдарламасы 35 жасқа дейінгі алматылық жастарға арналған. Алайда тек жас ерекшелігі жеткіліксіз. Өтініш беруші бекітілген салалардың бірінде ресми түрде жұмыс істеуі қажет.

Бағдарламаға:

  • білім беру,
  • денсаулық сақтау,
  • мәдениет,
  • спорт,
  • журналистика,
  • әлеуметтік сала,
  • жоғары оқу орындары,
  • ғылыми-зерттеу институттары,
  • құқық қорғау органдары,
  • коммуналдық қызмет саласының мамандары қатыса алады.

Сондай-ақ өтініш берушінің Алматы қаласында кемінде алты айлық ресми еңбек өтілі болуы шарт. Соңғы алты айдағы зейнетақы аударымдары да тексеріледі.

Егер адам некеде болса, өтінімді ерлі-зайыптылардың біреуі ғана бере алады.

Қандай талаптар қойылады?

Бағдарламаның негізгі талаптарының бірі – Алматыда кемінде бір жыл тұрақты тіркеудің болуы.

Сонымен қатар өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде меншік құқығында тұрғын үйі болмауы қажет.

«Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының қатысушылары үшін бөлек талап қарастырылған. Олар да ипотекаға қатыса алады. Бұл жағдайда 35 жасқа дейінгі шектеу қолданылмайды. Алайда жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдер бойынша қарызы болмауы тиіс.

Қандай баспана сатып алуға болады?

Бағдарлама аясында қатысушылар бастапқы нарықтан да, қайталама нарықтан да пәтер сатып ала алады.

Қайталама тұрғын үй бойынша үйдің салынған жылына қатысты шектеу қойылмайды. Ал жаңа тұрғын үй кешендері пайдалануға толық берілген болуы керек. Құрылысы аяқталмаған нысандар бағдарламаға қатыспайды.

Сондықтан мамандар пәтерді алдын ала таңдап, ауданын, үйдің жағдайын, бастапқы жарна көлемін және болашақ ай сайынғы төлемді есептеп алуға кеңес береді.

Қандай құжаттар қажет?

Өтініш бермес бұрын қатысушылар электронды цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) жарамдылық мерзімін тексеруі керек. ЭЦҚ болмаса, өтінім жіберу мүмкін емес.

Барлық құжат PDF форматында дайындалуы тиіс.

Негізгі құжаттар қатарына:

  • жұмыс орнынан анықтама,
  • Отбасы банкіндегі депозит туралы үзінді,
  • жеке куәлік,
  • қажет болған жағдайда әскери билет,
  • журналистер үшін БАҚ-ты тіркеу туралы куәлік,
  • мәдениет саласындағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы анықтама кіреді.

Жұмыс орнынан анықтамада ұйым мөрі, шығыс нөмірі, лауазымы және жұмысқа қабылданған күні көрсетілуі тиіс. Құжат өтінім бергенге дейін 10 күннен ерте алынбауы керек.

Өтініш қалай беріледі?

Өтініштер kezekte.kz порталы арқылы қабылданады.

Қабылдау:

  • 2026 жылғы 1 маусым сағат 09:00-де басталып,
  • 15 маусым сағат 18:00-де аяқталады.

Өтініш беру үшін порталдағы «Тұрғын үй сервистері» бөлімінен Almaty Jastary сервисін таңдап, анкетаны толтырып, құжаттарды жүктеу қажет.

Мамандар техникалық ақауларға байланысты өтінімді соңғы күнге қалдырмауға кеңес береді.

Қатысушылар қалай іріктеледі?

Бағдарлама бойынша іріктеу балдық жүйе арқылы жүргізіледі.

Қосымша балл:

  • Алматыдағы еңбек өтілі,
  • отбасы жағдайы,
  • балалар саны,
  • ХӘОТ мәртебесі,
  • Отбасы банкіндегі депозит,
  • әскери қызмет үшін беріледі.

Мысалы:

  • әр еңбек жылы үшін – 2 балл,
  • әр бала үшін – 1 балл,
  • ХӘОТ санаты үшін – 5 балл қосылады.

Ай сайынғы төлем қанша болуы мүмкін?

Егер қатысушы 25 жыл мерзімге 20 миллион теңге көлемінде несие рәсімдесе, ай сайынғы төлем шамамен 120 мың теңгені құрауы мүмкін.

Алайда нақты сома:

  • бастапқы жарна көлеміне,
  • несие мерзіміне,
  • отбасы табысына,
  • отбасы құрамына байланысты есептеледі.
Наверх