Әкім баспаналы болған аналарға базарлық алып барды

3 Маусым 2019, 19:59
2026
Бөлісу:
Әкім баспаналы болған аналарға базарлық алып барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде көпбалалы отбасыларға жағдай жасау – мемлекеттің басты назарында. Ақтөбеде тұрғын үй құрылысын жүзеге асыру жұмыстары аясында тұрғындардың санаттылығына сай баспанамен қамту шаралары жүйеленген. 

Болашақта сатып алу құқығымен жалдамалы пәтерге ие болу мақсатында 90 пәтер беру көзделсе, қазіргі күні оның 25-і өз иелерін тапты, қалғандарына келісім-шарт жасалу үстінде. 

Баспана бақытына ие болғандардың қатарында ақтөбелік көп балалы ана Зәмзәгүл Жуламанова да бар. Жергілікті атқарушы органның қоғамдық қабылдауында болған ол қала әкімдігінің қолдауымен «Қолғанат» қоғамдық қоры арқылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-на салымшы ретінде алғашқы жарна – 350 мың теңге төледі. 6 ай мерзімде пәтер құнының он пайызын жинап, енді «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2 пайызбен пәтер ақысын өтейтін болады. Екі бөлмелі пәтердің құны – 7 млн. 200 мың теңге. 

Қуанышқа кенелген көп балалы отбасын Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың өзі құттықтап барды. Үй иесі қала басшысына, «Қолғанат» қоғамдық қорына ризашылығын білдірді. 

Үш балалы жалғыз басты ана Самал Серікбаева да жаңадан алған баспанасында енді ісмерлікпен айналысып, табыс табуды көздейді. Ал, 46 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерге ие болған мүмкіндігі шектеулі Әлия Сағындықова жалдамалы пәтер үшін қырық мың төлеп келгендігін, енді сол қаражатты өзінің баспанасына төлеуге мүмкіндік бергені үшін Ақтөбе әкіміне алғысын жаудырды. 

Ілияс Испанов құттықтап барған жаңа пәтер иесі – Арайлым Мамекова – асыраушысы жоқ көп балалы ана. Жалпы құны 5 млн теңге тұратын пәтерге енді ай сайын отыз мыңнан төлейтін болады. 

Қоныс тойын тойлаған үй иелеріне қала басшысы жеміс пен тәтті толы себеттер сыйлап, балаларының төл мерекесімен, туған күндерімен құттықтады. 

«Керекті құжатын жинап, тиісті мекемеге тапсырған жауапкершілігі мол адамды мемлекет те әркез қолдауға дайын. Осындай қуанышқа кенелетіндердің қатары жыл соңына дейін еселене түседі. Өйткені, ел тұрғындарын, мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту шаралары қарқынды жүргізілуде. Мұны мемлекеттің қамқорлығы деп білгеніміз жөн», - деді Ақтөбе қаласының әкімі Испанов.

Өзгелердің жаңалығы