Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына шекара маңындағы ауылдардың әлеуметтік жағдайына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол елдің шетінде орналасқан елді мекендердің орталықтағы даму мүмкіндіктерінен шет қалып отырғанын айтып, Үкіметтен шұғыл шаралар қабылдауды сұрады.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанның Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстанмен шектесетін аймақтарында 67 аудан бар. Бұл өңірлерде 3,4 миллионға жуық халық тұрады. Алайда мұндағы негізгі инфрақұрылым — білім, денсаулық және тұрғын үй салалары шұғыл араласуды қажет етеді.
Білім саласындағы жағдай қатты алаңдатады
Шекаралық аумақтарда 1405 білім беру ұйымы бар:
- 710 балабақша,
- 658 мектеп,
- 37 колледж.
Онда жалпы 239 мың бала білім алып жатыр.
Алайда 86 білім мекемесінің материалдық-техникалық базасы әбден тозған, ал 35 мектепте асхана да, спорт залы да, кітапхана да жоқ. Кейбір білім ошақтары саманнан, қамыстан, ағаштан тұрғызылған, тіпті іргетасы да құйылмаған. Көптеген мектептерде су және кәріз жүйелері жоқ.
Соңғы жылдары шекарадағы 10-ға жуық мектеп оқушы санының азаюына байланысты жабылып қалған. Мектепсіз қалған ауылдардан халық үдере көше бастаған.
Адамы көшсе — ауыл өшеді, — дейді депутат.
Ол соңғы 5 жылда ел бойынша 194 ауылдың жабылғанын еске салды.
Ұсыныстар:
- Білім беру ұйымдары желісіне қатысты №185 бұйрықтағы кейбір нормаларды шекаралық мектептер үшін жеңілдету.
- Тозығы жеткен білім нысандарын жедел түрде жөндеуден өткізу.
Денсаулық сақтау нысандары жетіспейді
Депутат денсаулық сақтау саласында да күрделі жағдай қалыптасқанын айтты. Қолданыстағы №59 бұйрық бойынша, ауылда медициналық нысан салу үшін белгілі бір халық саны болуы керек. Ал шекаралық ауылдарда халық аз болғандықтан, талап орындалмайды, соның салдарынан амбулатория да, фельдшерлік пункт те жоқ ауылдар бар.
Тұрғындар сырқаттанса, аудан немесе қалаға ұзақ жол жүруге мәжбүр. Жолдың алыстығы кесірінен дер кезінде көмек ала алмай көз жұматын оқиғалар да кездеседі.
Ұсыныс:
Халық санына қарамастан, шекаралық округтерде міндетті түрде амбулатория немесе фельдшерлік пункт болуы тиіс.
Тұрғын үй салу кәсіпкерлерге тиімсіз
Депутат шекаралық аймақтардағы тұрғын үй тапшылығы мәселесін де көтерді. Қолданыстағы №289 бұйрық бойынша, кәсіпкерлер салған тұрғын үйді мемлекет ең көп дегенде 5 миллион теңгеге дейін өтей алады. Сәрсенғалиұлының айтуынша, бұл сома — шынайы шығынның жанында мардымсыз, сондықтан бизнес өкілдері мұндай жобаларға мүдделі емес.
Ұсыныс:
Шекаралық аумақта салынған тұрғын үйлердің шығынын 50 пайызға дейін өтеу тетігін енгізу.
"Ауыл – ел бесігі" жобасының қаржыландыру тәсілін өзгерту қажет
Депутат өңірлерге берілетін қаражат халық санына қарай бөлінетінін, бұл тәсіл шекаралық аймақтарға тиімсіз екенін айтты. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 405 ауыл бар, оның 145-і шекара маңында. Бір облыстағы ауыл саны көп болған сайын, бөлінген қаражаттың жетпеуі анық.
Ұсыныс:
"Ауыл – ел бесігі" жобасы бойынша қаражатты ауыл санын ескере отырып, шекаралық елді мекендерге басымдық бере отырып бөлу.