Қосымша қарыз алушы (созаемщик) несие рәсімдеу кезінде негізгі қарыз алушымен бірдей жауапкершілікке ие. Егер қарыз алушы банктің алдындағы міндеттемелерін орындамаса, оның барлық жауапкершілігі қосымша қарыз алушыға да жүктеледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі еске салады.
Қосымша қарыз алушы – несие алушымен бірге кредиттік шартқа қол қойып, оны орындауға ортақ жауап беретін тұлға. Көбінесе қарыз алушының табысы несие алуға жеткіліксіз болған жағдайда, әсіресе ипотека рәсімдеу кезінде, қосымша қарыз алушыны тартады.
Қарыз алушы мен қосымша қарыз алушының табыстары қосылып есептеледі, бұл несие алу мүмкіндігін арттырады. Алайда төлемдер кешіктірілген жағдайда банк қарызды екеуінің кез келгенінен өндіріп ала алады: есепшоттағы қаражатты шешіп алу, мүлікке тыйым салу немесе сотқа жүгіну арқылы.
Кепілгерден (поручитель) айырмашылығы, қосымша қарыз алушының табысы несие сомасын есептегенде ескеріледі. Бірақ оның тәуекелі де жоғарырақ – ол қарызды толық көлемде өтеуге міндеттеледі.
Мамандар қосымша қарыз алушы болуға келісер алдында шарттарды мұқият оқып, өз қаржылық мүмкіндіктерін дұрыс бағалауға кеңес береді. Қосымша қарыз алушының міндеттемелері шарт толық орындалғанға дейін сақталады, қатысушылар қанша болса да.