Баспана кезегіндегі азаматтарға ескерту: Отбасы банк тексеру талап етеді

Отбасы банк Қазақстанда баспана кезегіндегілер міндетті тексерістен өтетінін мәлімдеді.

 ©BAQ.KZ/жасанды интеллект Бүгiн 2026, 17:00
Бүгiн 2026, 17:00
347
Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

2026 жылғы 2 наурыздан бастап Отбасы банк пәтерлерді кезекте тұрған азаматтарға тек түгендеу (инвентаризация) рәсімінен өткеннен кейін ғана бөлетін болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отбасы банк – ұлттық даму институты және азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Осы мақсатта облыс әкімдіктері банкке 13 393 пәтерді тапсырған. Оның 8 846-сы жалға берілетін тұрғын үйге, ал 4 547-сі несиелік баспанаға арналған. Бағдарлама басталғалы бері 4 216 қазақстандық отбасы қоныс тойын тойлады.

Түгендеу – бұл кезекте тұрған азаматтар туралы мәліметтерді нақтылау және тексеру үдерісі. Атап айтқанда, отбасы құрамы, санаты, тұрғын үйінің бар-жоғы және өзге де деректер нақтыланады. Бұл рәсім қателіктердің алдын алып, баспананы бөлу процесін ашық әрі әділ етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде тұрғын үй шынымен мұқтаж азаматтарға беріледі, - деп түсіндірді Отбасы банктің баспасөз қызметі.

Банктің мәліметінше, бұған дейін пәтерлер кей жағдайда түгендеу рәсімі толық аяқталмай тұрып та бөлінген. Соның салдарынан отбасы құрамының өзгеруі немесе кезектегі азаматтың баспана сатып алып қоюы сияқты жайттар анықталып, құжаттарды қайта рәсімдеуге тура келген.

Енді түгендеуден өту тұрғын үйді бөлу алдындағы алғашқы әрі міндетті қадамға айналады. Тексерістен өтпеген кезектегілер тізімнен шығарылмайды. Алайда олар рәсімді аяқтағанға дейін жалға берілетін баспана да, 2% және 5% мөлшерлемемен ұсынылатын жеңілдетілген несие де ала алмайды, - деп нақтылады Отбасы банктен.

Қазіргі таңда 257 мың адам түгендеуден өткен. Банк барлық кезектегі азаматтарды деректерін уақытылы жаңартуға шақырады.

Наверх