Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әкімдерді “Педагог мәртебесі туралы” заңды қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр “Педагог мәртебесі туралы” заңды бұзу фактілері бар екенін айта кетті.
Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер заң бұзушылықтардың 120 жағдайын тіркеді. Атап айтқанда, Семей қаласында мұғалімдерді тиесілі емес функцияларға тарту соңы қайғылы жағдайға әкеліп соқтырды. Өңірлердің басшылығын заңды қатаң сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға шақырамын, – деді Ғани Бейсембаев.
Еске сала кетсек, былтыр желтоқсанда Семейде мұғалім Қуат Айтқалиев міндетіне жатпайтын жұмысқа тартылып, соңында ауыр жарақат алған еді.
Айта кетейік Оқу-ағарту министрі мұғалімдердің сынып жетекшілігіне қатысты ойын да айтты. Ғани Бейсембаев еліміздегі білім беру сапасын арттыру үшін мектеп менеджментін күшейту қажеттігін де атап өтті.