Бас Прокурор Жолдауды іске асыру мәселелері жөнінде жиналыс өткізді

3 Қыркүйек 2022, 13:35
1669
Бөлісу:
Бас Прокурор Жолдауды іске асыру мәселелері жөнінде жиналыс өткізді

Бас Прокурор жиналыс басында Президенттің мемлекеттік органдар алдына қойған міндеттерінің ауқымдылығына назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Атап айтқанда, экономика, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету сияқты негізгі салаларда түбегейлі өзгерістер, сондай-ақ, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа серпін беру белгіленген.

Кәсіпкерлікті қолдау механизмдерін түбегейлі қайта құруы көзделіп, шағын және орта бизнес қарқынды дами түсуі күтіледі. Қоғамдық игіліктердің әділ үлестіру кепілдіктері мен халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мәселесі туралы да айтылды.

Берік Асылов атап өткендей, Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған бастамаларын іске асыру прокуратура органдарының үйлестіруші рөлін күшейтуді, сондай-ақ қадағалау сапасын жақсартуды талап етеді.

Алдағы кезеңде прокурорлардың назары қоғам өмірінің барлық салаларында заңның үстемдігін, оның ішінде сайлау процесінің айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Кандидаттарды тіркеуден бастап сайлаудың қорытындысы шыққанға дейінгі аралықта азаматтардың сайлау құқықтарын бұзуға  жол бермеу керек, - деді ол.

Сонымен бірге Бас Прокурор облыс прокурорларынан мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстың, әсіресе ұйымдасқан түріндегі, есірткі бизнесі және басқа да қауіпті көріністердің алдын алу жөнінде шаралар қабылдауды талап етті.

Жиналыс барысында Жолдаудың қаңтар оқиғаларына қатысушыларға рақымшылық жасауға, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылық үшін жауаптылықты қатаңдатуға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша тәркіленген мүлікті мектеп салу үшін пайдалануға қатысты тезистерін іске асыру тетіктері де талқыланды.

Отырыс соңында қадағалау ведомствосының басшысы бірқатар нақты тапсырмалар беріп, қызметкерлерден қойылған міндеттерді орындауда барынша күш-жігерлерін жұмылдыруды талап етті.

Өзгелердің жаңалығы