Бас прокурор Ринат Зайытовқа жауап берді

Бөлісу:
Бас прокурор Ринат Зайытовқа жауап берді
Фото: facebook.com

Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың алаяқтыққа қатысты жолдаған депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бас прокуратура кредиттік алаяқтық мәселесіне қатысты азаматтардың құқықтарын қорғау туралы депутаттық сауалды қарады. Алаяқтықпен күрес бірнеше рет мемлекеттік органдар, соның ішінде Бас прокуратура және Президент Әкімшілігінің алаңдарында талқыланды. Нәтижесінде қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау және жәбірленушілердің құқықтарын қорғау бойынша нормативтік және практикалық шаралар жүзеге асырылды,

Заңнамалық өзгерістер және олардың әсері

2024 жылғы 19 маусымда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды.

Бұл заң қаржы ұйымдарына алаяқтық әрекеттердің себептері мен салдарын жоюға, тергеу кезеңінде осындай қарыздар бойынша берешекті өндіріп алуды және наразылық-талап қою жұмысын тоқтатуға, сондай-ақ клиенттің қатысуынсыз рәсімделген кредиттер бойынша қарызды есептен шығаруға мүмкіндік береді. Бұған қоса, бұрын төленген сомаларды клиентке қайтару талаптары енгізілді, - делінген Асыловтың жауабында.

Нәтижелер:

  • Тергеу кезеңінде 1 мыңнан астам жәбірленушінің 1,5 млрд теңгеден астам кредит қарызының өндіріп алынуы тоқтатылды;
  • 1,6 млрд теңгеден астам сомаға жәбірленушілердің қарыздары есептен шығарылды;
  • 239 қарыз алушы бойынша сыйақы, айыппұлдар (өсімпұл) есептеу және қарызды өндіріп алу тоқтатылды;
  • 34 қарыз алушыға бұрын өндіріп алынған 7,3 млн теңге қайтарылды;
  • 213 жәбірленушінің 1 млрд теңге көлеміндегі берешегі есептен шығарылды.

Антифрод-орталық және оның тиімділігі

2024 жылғы шілдеде Ұлттық Банк жанында қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасында алаяқтық операцияларға жедел ақпарат алмасу үшін Антифрод-орталық құрылды. Осы орталық арқылы жарты жыл ішінде 1,5 млрд теңгеден астам күдікті қаржы операциясы бұғатталды.

2024 жылы 800 жәбірленушінің талап арызы бойынша 1 млрд теңгеден астам қаражат өндірілді. Сонымен қатар, жәбірленушілерге залалды азаматтық сот арқылы өтеу тәртібі түсіндірілді.

Қаржы алаяқтығына қарсы жаңа шаралар

2024 жылғы 5 желтоқсанда Үкімет қаржы алаяқтыққа қарсы жаңа Жол картасын бекітті. Ол 35 іс-шараны қамтиды, соның ішінде:

  • Банктер мен микроқаржы ұйымдарының жауапкершілігін реттеу;
  • Жәбірленушілерге ақшалай қаражатты өтеу;
  • Кредит беру кезінде "ойлану кезеңін" енгізу.

Қаржы секторының өзекті мәселелері

Қабылданған шаралар алаяқтықтың жаппай таралуына тосқауыл қойса да, қаржы секторында шешуді қажет ететін мәселелер әлі де бар. Соның ішінде:

  • Клиенттердің нақты қатысуынсыз, тіпті қайтыс болған адамдардың атына қарыздар мен микрокредиттер рәсімдеу;
  • Шетелдік азаматтарға заңсыз шоттар ашу фактілері;
  • Қаржы ұйымдарының қызметкерлері тарапынан заңбұзушылықтар.

Соңғы екі айда қаржы ұйымдарының қызметкерлеріне қатысты 67 қылмыстық іс тіркелді. Мысалы, Ақмола облысында прокурорлар 2022 жылдан бері үйсіз және әлеуметтік осал азаматтардың атына кредит рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тергеп жатыр. Қылмыстық топтың әрекетінен:

  • 1 мыңнан астам жәбірленуші зардап шекті;
  • Залал көлемі 10 млрд теңгеден асты;
  • Кейбір банктер жәбірленуші ретінде танылып, оларға келтірілген залал 1 млрд теңгеден асты.

Бұл мәселелер 2025 жылғы 24 ақпанда Қазақстан Республикасының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды. Нәтижесінде, қаржы алаяқтығына қарсы жаңа шаралар әзірленіп, оларды жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік органдар белгіленді.

Өзгелердің жаңалығы