Бас Прокурор бизнес-қауымдастығымен және инвесторлармен кездесу өткізді

21 Маусым 2024, 18:13
241
Бөлісу:
Бас Прокурор бизнес-қауымдастығымен және инвесторлармен кездесу өткізді
Фото: Бас прокуратура

Бас прокуратурада Берік Асылов жыл сайынғы прокуратура органдарымен кездесуді өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоғары қадағалау органының алаңында мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту, бизнес үшін шығындарды төмендету, қылмыстық жазаларды жеңілдету және кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін шенеуніктердің жауапкершілігін қатаңдату мәселелері талқыланды.

Диалогқа ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В. Скляр, ҚР Президентінің көмекшісі Е.Н. Жиенбаев, Парламент депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың бірінші басшылары, Бизнес-Омбудсмен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Төрағасы, «KAZAKH INVEST» ҰК, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басшылығы, жеке бизнес өкілдері мен инвесторлар қатысты. Бұдан басқа, облыстар мен аудандардың прокурорлары, облыстар әкімдерінің орынбасарлары, кәсіпкерлік басқармаларының бастықтары және «Атамекен» ҰКП өңірлік өкілдері желіге қосылды.

Бас Прокурор кездесуді аша отырып, Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы елдің экономикалық әлеуетін кеңейту және инвестициялық ахуалын жақсарту мәселелерінде жаңа және шешуші шара болғанын атап өтті.

Бизнес үшін артық шектеулерді алып тастау, салық жүктемесін және бюрократиялық кедергілерді азайту тек инвестициялар ағыны мен елдің экономикалық дамуына ықпал етеді.

Дәл осы міндеттерді Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордың алдына қойды.

Кездесудің ерекшелігі бизнесті қорғау және инвестицияларды қолдау саласындағы жаңа функциялар мен құралдардың тұсаукесері болды. Олар Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен прокурорларға бекітіліп, заңдарда регламенттелетін болады.

Бірінші кезекте, бұл прокурорлардың өтінім беруден бастап жобаны толық іске қосуға дейінгі маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеуі.

Бүгінде прокурорлардың назарында 32 трлн теңгеден астам сомаға 770-тен астам осындай жоба бар, олар шенеуніктердің заңсыз әрекеттерінен нақты қорғауды алады.

Кездесуге қатысқан «Big farm» ЖШС испан инвесторының өкілі Қазақстан нарығынан кету алдында тұрғанын айтты. 3 жыл бойы ол ауылдық жерлерде 400 жұмыс орны бар заманауи агроөнеркәсіптік кешен салу үшін жер ала алмай жүрді.

Жобаны прокурордың сүйемелдеуімен алғаннан кейін ғана учаске бөлу туралы қажетті келісімдерге қол жеткізілді және жоба іске қосылды.

Мұндай жүздеген мысалдар бар.

Бір жарым жыл ішінде прокурорлар жобаларын қазақстандық нарықта сақтап қалуға мүмкіндік алған 350 инвесторды қорғауды қамтамасыз етті. Олардың ел экономикасына салған салымдарының жалпы құны 6,4 трлн теңгені құрайды.

Жақын арада Бас прокуратура өз сайтында прокурордың сүйемелдеуімен болатын жобалардың бірыңғай пулын орналастырады.

Қадағалаудың тағы бір негізгі құралы «прокурорлық сүзгі» болды, ол бір жылдан астам уақыт бойы инвесторларға өз жобаларын кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

«Прокурорлық сүзгі» шеңберінде мемлекеттік органдар мен шектеу сипатындағы квазимемлекеттік сектордың барлық шешімдері прокурор келіскеннен кейін ғана шығарылады.

Прокурордың келісімінсіз салықтық тексерулер де тағайындалмайды.

Бүгін сүзгіден инвесторлардың мүдделерін қозғайтын 2 мыңнан астам шешім өтті, оның 270-і бойынша келісуден бас тартылды.

Экономиканы ырықтандыру барысында сүзгі шекаралары кеңейтіледі және прокурордың келісімі әкімшілік жаза қолдану, талап қою және инвесторларға қатысты тексерулер тағайындау кезінде міндетті болады.

Шын мәнінде, «прокурорлық сүзгі» шенеуніктердің жосықсыз шешімдеріне тосқауыл болады және инвестициялар саласындағы әрбір әрекеттің заңды болуын қамтамасыз етеді.

Үкімет енгізіп жатқан «Жасыл дәліз» және «Бірыңғай цифрлық инвестициялық платформа» жобалары инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі маңызды құралдар болады.

Олар инвесторлардың Қазақстан нарығына кіруінің жеңілдетілген жағдайларын және инвестициялық жобалардың барлық кезеңдерін цифрландыруды қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз әрекеттер болған жағдайда «ақылды» жүйе шаралар қабылдау үшін прокуратураға сигнал беретін болады.

Осындай және басқа да сигналдар бойынша жедел ден қою үшін әр өңірде инвесторлар мен бизнес үшін Фронт-офистер ашылды, тәулік бойы call-орталықтар және кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жедел ден қоюдың мобильді топтары жұмыс істейді.

Фронт-офистердің жұмысына барлық мемлекеттік органдар, Бизнес-Омбудсмен, «Атамекен» ҰКП және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қосылған және кәсіпкерлерге көмек "бір терезе"қағидаты бойынша көрсетіледі.

Бүгін бизнес прокурорға алдын ала жазылусыз тікелей жүгіне алады және дереу көмек ала алады, - деп атап өтті өз сөзінде «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов.

Еліміздегі ең ірі кәсіпкерлер бірлестігінің басшысы прокуратура жүргізіп жатқан жұмыс пен оның бизнес пен инвесторларды қорғаудағы рөлі орасан зор екенін атап өтті.

Бұған кәсіпкерлердің 300 мыңнан астам қорғалған құқықтарын растау, оларға қатысты 2,5 жыл ішінде прокурорлар 16 мыңнан астам заңсыз тексерулерді, 13 мың атқарушылық іс жүргізуді, 22 мың шектеу шараларын және 2,2 млрд теңгеге 12 мың негізсіз әкімшілік айыппұлдарды алып тастай алды.

Біз бұл жүйелілік пен заңнамалық реттеуді талап ететін орасан зор еңбек екенін түсінеміз. Бұл бағытта Президенттің экономиканыераықтандыру туралы тапсырмасы аясында үлкен бірлескен жұмыс күтіп тұр, - деп түйіндеді Райымбек Баталов.

Бизнес-Омбудсмен мемлекеттік аппараттың бизнес-қоғамдастықпен өзара іс-қимыл мәселелерінде жүйелілік пен ашықтықтың маңыздылығын атап өтіп, бизнесті қорғау және іскерлік ортаны дамыту мәселелерінде ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.

Кездесу соңында Берік Асылов облыстар мен қалалардың прокурорларына бизнес-қоғамдастық үшін «Ашық есік күндерін» өткізуді және қысқа мерзімде әрбір проблемалық мәселені шешуді тапсырды.

Президент Бас прокуратураға кәсіпкерлік саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және инвестицияларды қолдау мәселелерінде шешуші рөл жүктеді. Біздің ортақ міндетіміз - әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлықты жоя отырып, елде бизнес жүргізу және инвестициялау процесін барынша тікелей және ашық ету», - деп түйіндеді жоғары қадағалау органының басшысы.

Бас прокуратура, Сыртқы істер министрлігі, «Атамекен» ҰКП және Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл арасындағы кездесу қорытындысы бойынша өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, ол одан әрі бірлескен жұмыстың нақты мақсаттарын белгіледі.

Өзгелердің жаңалығы