Бүгін Бас Прокурордың төрағалығымен Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиналысты ашқан Берік Асылов ағымдағы жылдың бес айындағы Комиссия жұмысының нәтижелері туралы хабардар етті.
Атап айтқанда, жалпы сомасы 630 млрд теңгеден астам мемлекетке залал өтелді және активтер қайтарылды. Алыс шет елдерден шамамен 400 млн доллар қайтарылды.
Қадағалау актілері бойынша 5 млрд теңге сомасына 140 мың гектардан астам заңсыз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскелері қайтарылды.
Кеден саласында прокурорлық тексеру нәтижелері бойынша бюджетке 57 млрд теңге түсті.
Соттарға құны 13,5 млрд теңге болатын мүлікті мемлекетке қайтару туралы 13 талап қою енгізілді.
Жоғарғы Сотқа олигополиялар пайдасына шығарылған сот актілерін қайта қарау жөнінде 23 наразылық енгізілді. Бүгінде олардың ішінде 16 наразылық қанағаттандырылды, нәтижелері бойынша бюджетке 23 млрд теңге түсуі күтілуде. Тағы 7 наразылық қаралып жатыр.
Қадағалау органының басшысы Мемлекет басшысының осы саладағы тапсырмасын іске асыруға тартылған әрбір уәкілетті органның рөлін ерекше атап өтті.
Ол сондай-ақ активтерді қайтару жөніндегі Комиссияның әрбір шешімі адал бизнеске араласу және қысым жасау фактілеріне жол бермей, байыпты және заң талаптары шеңберінде ғана қабылдануы тиіс екенін еске салды.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия жұмысының тиімділігін одан әрі арттыру жөнінде шешімдер қабылданды.