Астана, BAQ.KZ. Бүгін Бас прокуратурадағы алқа отырысының кеңейтілген отырысында 2018 жылдың жұмыс қорытындысы шығарылып, алдағы міндеттер айқындалды.
«2018 жылы тәуелсіздік жылдарында алғаш рет қылмыстық процестің ең төменгі репрессивтік деңгейін көрсетті. Ұсталғандар мен қамауға алынғандар 4 есеге, яғни 43 мыңнан 10 мыңға және 38 мыңнан 9 мыңға азайды. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар 5,5 есеге, дәлірек айтсақ 40 мыңнан 7 мыңға азайды, - деді бас прокурор.
Жаңа реформалар криминогендік ахуалды нашарлатқан жоқ. Қылмысты төмендету үрдісі сақталуда. Ол 8%-ке (316 мыңнан 292 мыңға), ал ауыр және аса ауыр түрлері 19%-ке (26 мыңнан 21 мыңға) азайды.
Сонымен бірге, бас прокурор қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарын бұзумен байланысты құқық қорғау органдары қызметінің жекелеген кемшіліктеріне назар аударды.
«2018 жылы прокурорлар заңсыз ұсталған 766 азаматты босатты, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 3,5 есе көп. Тергеу органдары 400-ге жуық қылмыскерді жауаптылықтан жалтартқан. Тергеудің рұқсат етілмеген әдістері, кінәсіз адамды қасақана жауапқа тарту, азаптау және билікті асыра пайдалану фактілері бойынша 348 қылмыстық іс тергелді, - деді ол.
Қоғамдық мүдделерді қорғау саласында прокурорлар еңбек, жер және тұрғын үй қатынастары, халықты еңбекпен қамту, білім беру, тариф саясаты мәселелері бойынша бірқатар маңызды тексерулер жүргізді.
Прокурорлардың актілерімен мемлекетке 34 млрд теңгенің орны толтырылып, 21 млрд теңгеге мүлік қайтарылды. 2,4 млрд теңгеге еңбекақы берешегі өтелді.
Мемлекет қорына 7 млрд теңгеге жер учаскелері қайтарылды. 21 млрд теңгеге халыққа өтемақысын төлетумен электр энергиясы мен жылу тарифтері азайтылды. Қабылданған шаралармен шамамен 140 әлеуметтік шиеленістің алдын алды.
Көлік прокурорларының күші авиация, темір жол және автомобиль көліктері саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шоғырланды. Осы бағытта мемлекет мүддесіне 6,4 млрд теңгеге ірі материалдық залал келтірудің жолы кесілді.
Профилактикалық шаралармен әскери саладағы қылмыстылық 12%-ке азайды.
Прокурорларға үстіміздегі жылы азаматтарды ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемімен қамтамасыз ету, газ және сумен жабдықтаудың тарифін белгілеу, халықтың әлеуметтік-қауқарсыз тобы – балалар, мүгедектер, зейнеткерлер мен басқаларының құқығын қорғау салаларындағы заңдылықты сақтау мәселесін тексеру тапсырылды.
«Біздің әрбір тексеруіміздің нәтижелері халық тұрмысының сапасын арттыруы және әлеуметтік проблемалардың алғышарттарын шешуі тиіс», - деп атап өтті Қайрат Қожамжаров.