Басқарма басшылары алматылықтардың сұрақтарына тікелей эфирде жауап береді

31 Шілде 2019, 17:48
1951
Бөлісу:
Басқарма басшылары алматылықтардың сұрақтарына тікелей эфирде жауап береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықпен ашық диалог орнатуды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, қала әкімдігі өз қызметінде ашықтық пен қолжетімділік қағидаттарын басшылыққа алуда. Бұл туралы Алматы қаласының ресми сайтында хабарланды.

Алматы қаласының әкімі ретінде Бақытжан Сағынтаев өзінің бірінші жұмыс күнінде-ақ әлеуметтік желілерде ресми аккаунттарын ашқанын хабарлаған еді. «Мен үшін Сіздердің барлық өтініштеріңіз бен тілектеріңізге дер кезінде үн қатып, жауап беру өте маңызды. Өз басым қаланың түйткілді мәселелері мен оның даму стратегиясын ашық талқыласақ деймін. Қала тұрғындарының тағдырына байланысты шешімдер қабылдаған кезде, мен үшін Сіздердің қолдауларыңыз маңызды. Сіздермен бірге ашық диалог орнатуға дайынмын!», - деді қала басшысы алматылықтарға арнаған сөзінде.

Халықпен ашық диалог құру үшін аудан әкімдері мен басқарма басшылары «Алматы» телеарнасындағы «Акимат Live» бағдарламасында алматылықтардың сұрақтарына жауап беретін болады. Бағдарлама аптасына екі рет, сейсенбі және бейсенбі күндері, сағат 20:00-де шығады. Тікелей эфир кезінде телефон арқылы немесе әлеуметтік желілерде сұрақтар қоюға болады. Эфир YouTube және Facebook-те көрсетіледі. Эфирдің бірінші қонағы Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай болды.

Тұрғындар абаттандыру, сумен жабдықтау, жолдарға қатысты сұрақтарын қойды. Ертең, 1 тамыз, сағат 20.00-де Алатау ауданының әкімі Шахмерден Рыспаев тұрғындардың сұрақтарына тікелей эфирде жауап береді.

Сұрақтарды «AlmatyTV» телеарнасының әлеуметтік желілерінде – Instagram, YouTube, Twitter, Facebook беттерінен қоюға болады. Сонымен қатар, өтініштер WhatsApp: 8 777 046 33 33 нөмірі бойынша және E-mail бойынша қабылданады: webalmatytv@gmail.com Тікелей эфирді, сондай-ақ, Facebook, Youtube және almaty.tv телеарнасының сайтынан да көруге болады.

Өзгелердің жаңалығы