Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы дәрі бағасын қымбаттатпауға, халық алғысын алуға шақырды.
Асыл дінімізде қажет уақытта қажет көмекті жасау үлкен сауапты амалдың біріне жатады. Сындарлы сәтте науқас жандарға қажетті дәрі-дәрмекті жеткізіп, алғысын алайық. Дәрі бағасын қолдан қымбаттатуға жол бермей, жақсылық жасауға асығайық. Ал жұртымызды жұқпалы індеттен арашалап алуға бар күшін жұмсап, жән-тәнімен қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға жылы сөзімізді арнап, жігерін оятайық. Олар үшін әрдайым дұғада болайық - деді ол.
Әз Пайғамбар бір хадисінде садақа жамандықтан сақтап, адам өмірін ұзартады деген.
Көптеген азамат сынақ сәтінде садақа беріп, құрбан шалып, дұға етуде. Садақамыз бен құрбандығымыз осы бір нәубетті кезеңнен аман-есен өтуге себепкер болғай. Әмин! Біз тағы да жамағатпен дұға жасап, истиғфар, салауат айтуға ниет етіп отырмыз. Халық даналығы: "Көп тілегі көл болар" дейді. Баршаңызды көппен бірге ел игілігі үшін дұға жасап, салауат пен истиғфар айтуға шақырамын. Ардақты ағайын! Халқымыз: "Ауыр жол – атаңды сынайды, ауыр іс – адамды сынайды" деген. Расында бұл сынақ жас пен жасамысқа оңай тиіп жатқан жоқ. Алла Тағала дертке шалдыққандарға шипа беріп, дәм-тұзы таусылған жандарды мейіріміне алғай. Әмин! - дедіБас мүфти.