Бүгін еліміздегі бірнеше өңірде "Жер-2025" оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Соған байланысты Алматыда дабыл жүйесі қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқу-жаттығуды үйлестіру республикалық штабы Шымкент қаласында орналасқан.
24 шілдеде сағат 10:00-де жойқын жер сілкінісі болуы ықтимал еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында "Баршаның назарына!" сирена-сөйлеу құрылғылары іске қосылады. Сондай-ақ адамдар көп жиналатын объектілерде сейсмикалық жаттығулар өткізіледі, - делінген министрлік хабарламасында.
Оқу-жаттығу азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің жойқын жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдайды жоюға дайындық деңгейін арттыру мақсатында жүргізіледі.
Іс-шара республикалық және өңірлік азаматтық қорғау қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен, шартты түрде жойқын сілкініс кезіндегі іс-әрекеттерді пысықтауарқылы өткізіледі.
Оның барысында авариялық-құтқару жұмыстары, зардап шеккен тұрғындарды шұғыл қабылдаупункттері, оларды қабылдау мен көмек көрсетуге арналған палаткалық лагерлер мен 4 далалық медициналық аурухана көрсетіледі.
Атап өтейік, 23-24 шілдеде елімізде "Жер-2025" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде.
Еске салайық, 23 шілдеде Шығыс Қазақстан облысында жер сілкінісі тіркелді. Сондай-ақ, Өскемендегі жер сілкінісі кезінде сиреналар кеш қосылды.
Төтенше жағдайдан кейін ШҚО-да жедел штаб құрылып, "жедел желі" жұмысын бастады.
Бүгін таңертең Алакөл маңында жер сілкінісі болды.