Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Баррелі 40 долларлық мұнай: Венесуэла, Иран және Трамп әлемдік нарықты қалай шайқалтуы мүмкін

Кеше, 11:53
316
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

2026 жылдың қаңтар айының басында мұнай нарығы бірден екі ықтимал тәуекел көзіне тап болды. Венесуэлада АҚШ жүргізген операциядан кейін дағдарыс күрт ушығып, оның барысында президент Николас Мадуро мен жұбайы Силия Флорес ұсталып, Америка Құрама Штаттарына жеткізілді. Осыған қатар Иранда ұлттық валюта – риалдың құлдырауы мен бағаның өсуі аясында жаппай наразылықтар басталды.

Венесуэла дәлелденген мұнай қоры бойынша әлемдегі көшбасшы ел болып қала береді. Елдегі қор көлемі шамамен 303 млрд баррельді құрайды, бұл жаһандық мұнай қорының 17 пайызына жуық. Ал Иран да ірі мұнай қорына ие мемлекеттердің қатарында. EIA (Energy Information Administration) бағалауынша, 2023 жылы Иран дәлелденген мұнай қоры бойынша әлемде үшінші орынға шыққан, бұл дүниежүзілік қордың шамамен 12 пайызы бар.

Бұл елдердегі саяси жағдай мұнай секторына қалай әсер етті? Толығырақ BAQ.KZ зерделеп көрді.

Мұнай нарығының ерекшеліктері

Венесуэла әлемдегі ең ірі дәлелденген мұнай қорына ие. Мұнда негізінен ауыр және аса ауыр мұнай өндіріледі, ал негізгі көлемдер Ориноко белдеуінде шоғырланған.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, мұндай мұнай «айналымда қымбат». Оны өңдеу үшін технологиялық жағынан күрделі мұнай өңдеу зауыттары қажет. Соның салдарынан капиталдық және операциялық шығындар өседі, логистика қиындайды, бағаға берілетін дисконт ұлғаяды. Ал саланың табыстылығы инвестицияға, сұйылтқыштарға қолжетімділікке және тұрақты экспорт арналарына ерекше тәуелді болып қалады.

АҚШ операциясынан кейінгі алғашқы сауда күнінде нарық өсіммен жауап қатты.

5 қаңтарда Brent маркасының бағасы шамамен 1,01 долларға қымбаттап, баррелі 61,76 доллар деңгейінде жабылды. Ал WTI бағасы шамамен 1,00 долларға өсіп, 58,32 долларға жетті (шамамен +1,7%).

Иран да ОПЕК құрамындағы, ірі мұнай қоры бар елдердің бірі. Алайда санкциялар мен инвестиция тапшылығы салдарынан оның мұнай секторы шектеулі жағдайда жұмыс істеп отыр. Сондықтан Иран нарық үшін «дисконтталған баррельдер» жеткізушісі ретінде маңызды.

Иранда митингілер басталғаннан кейінгі алғашқы сауда күнінде де мұнай қымбаттады: Brent бағасы 61,94 долларға, ал WTI 58,08 долларға дейін өсті.

Трамптың уәделері

"Байдильдинов. Мұнай" телеграм-арнасының негізін қалаушы Олжас Байділдиновтың айтуынша, Венесуэла мен Иранның екеуінде де мұнай қоры орасан зор. Венесуэлада негізінен ауыр және аса ауыр мұнай бар, ол «айналымда қымбат» саналады. Ал Ирандағы қорлар өндіру құрылымы мен қолжетімділігі жағынан сапалырақ деп есептеледі.

Иран қазір тәулігіне шамамен 2,2–3,0 млн баррель мұнай өндіреді. Бұл көлем санкциялық шектеулерге байланысты құбылып тұрады. Өндіру мен экспорт әлеуеті бұдан да жоғары, яғни ел одан көп өндіре және экспорттай алар еді. Алайда санкциялар салдарынан деректердің бір бөлігі жабық немесе ашық емес, сондықтан нақты көрсеткіштерді бағалау қиын. Венесуэлада соңғы онжылдықтарда мұнай өндіру көлемі тәулігіне шамамен 3 млн баррельден 1 млн баррельден төмен деңгейге дейін құлдырады. Бұған санкциялар, технология мен инвестиция тапшылығы, сондай-ақ PDVSA ұлттық компаниясындағы басқару және кадр мәселелері әсер етті, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, алдағы үш-төрт жылда бұл екі ел теориялық тұрғыдан нарыққа жиынтығында тәулігіне 2–3 млн баррель қосымша мұнай шығара алады, бірақ бұл бірден жүзеге аспайды. Өйткені өндірісті қалпына келтіру үшін инвестиция, жабдық, сервистік қуаттар, логистика және уақыт қажет.

Қазіргі жағдайда нарыққа стратегиялық қорлардың босатылуы да ықпал етуі мүмкін. АҚШ нарыққа біртіндеп 30–50 млн баррель шығару жоспары туралы мәлімдеген, бұл да бағаға қысым түсіруі ықтимал.

Трамп үшін жанармай бағасы – негізгі тақырыптардың бірі. Оның сайлауалды науқаны кезінде "менің тұсымда бензин арзан болды, Байден кезінде қымбаттады" деген тезиске құрылғанын бәріміз білеміз.

Трамп Сауд Арабиясына барып, ОПЕК+ елдерінен мұнай өндіруді арттыруды талап етуге дайын екенін айтқан. Оның логикасы бойынша, мұнай бағасының төмендеуі Ресейді келіссөз үстеліне отыруға мәжбүр етеді, ал АҚШ-та жанармай арзандайды.

Бағдар ретінде баррелі шамамен 40 доллар деңгейі аталды. Алайда бұл баға америкалық өндірушілердің көбі үшін қолайсыз. Сондықтан “қолайлы дәліз” ретінде көбіне 50–60 доллар аралығы айтылады. Соған қарамастан, АҚШ әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші болып қала береді, – дейді Олжас Байділдинов.

Ол мұндай баға деңгейі Қазақстан экономикасы мен мұнай компаниялары үшін күрделі болатынын атап өтеді. Себебі бюджет орындалуына және макроэкономикалық тұрақтылыққа қатысты тәуекелдер күшейеді.

Сарапшының айтуынша, егер Иран мен Венесуэлада саяси жағдай тұрақтанып, билікке Батысқа жақын күштер келсе, санкциялар біртіндеп алынып, экспорт қайта жандана бастайды. Бұл уақыт өте келе нарыққа қосымша мұнай көлемінің шығуына әкелуі мүмкін.

Нәтижесінде мұнай бағасының салыстырмалы түрде төмен деңгейде ұзақ сақталу кезеңі басталуы ықтимал. Бұл Қазақстан үшін, ең алдымен, бюджет кірістеріне және экономиканың жалпы қаржылық тұрақтылығына қысым түсіретін жағымсыз фактор болмақ.

Иран мен Венесуэлада қандай компаниялар бар?

Олжас Байділдиновтың сөзінше, Венесуэла мен Иранда мұнай өндірумен негізінен мемлекеттік компаниялар немесе шетелдік серіктестердің (соның ішінде қытайлық компаниялардың) қатысуымен құрылған құрылымдар айналысады. Венесуэлада, атап айтқанда, ресейлік компаниялармен бірлескен жобалар бар, соның ішінде "Роснефть" те кездеседі.

Жалпы алғанда, қатысушылар құрамы әркелкі, бірақ батыстық компаниялар іс жүзінде жоқ. Иранда – саланы ұлттандырудан кейін, Венесуэлада – Уго Чавес жүргізген саясаттан соң батыс компаниялары жоқтың қасы.

Венесуэлада ұлттандырудың екі толқыны болды: 1970-жылдары және 2000-жылдары. Қазіргі таңда бұл жағдай әлемдік мұнай нарығына тікелей айтарлықтай әсер етіп отырған жоқ, өйткені нақты жеткізілім көлемі айтарлықтай өскен де, азайған да жоқ. Алайда ірі америкалық мұнай компанияларының капитализациясы шамамен 100 млрд долларға артты. Неге? Өйткені нарық америкалық компаниялар Венесуэлаға қайта оралып, өндіріс қалпына келеді, ал АҚШ-тың Парсы шығанағы елдеріне тәуелділігі азаяды деп күтеді. Егер компания мұндай бай венесуэлалық ресурстарға қол жеткізсе, оның қор көлемі ұлғаяды. Ал қор – мұнай компанияларының бағалануы мен капитализациясына тікелей әсер ететін негізгі көрсеткіштердің бірі, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Венесуэла қазір тәулігіне шамамен 900 мың баррель мұнай өндіреді. Ал әлемдік сұраныс 104–105 млн баррель деңгейінде. Сондықтан қазіргі жағдайда Венесуэланың нарыққа айтарлықтай ықпалы жоқ. Венесуэлада өндіріс төмендеген кезде, басқа өндірушілер – ең алдымен Парсы шығанағы елдері, сондай-ақ Канада мен өзге мемлекеттер – бос қалған орынды біртіндеп толтырды.

Осындай логика КҚК жағдайында да байқалды. Соққылар мен үзілістер салдарынан Қазақстан экспорты азайған немесе уақытша тоқтаған кезеңдер болды, бірақ бұл әлемдік бағаға айтарлықтай әсер еткен жоқ. КҚК арқылы өтетін көлемдер Венесуэла жеткізілімдерімен шамалас және жаһандық теңгерім үшін шешуші мәнге ие емес, – деп түйіндеді ол.

Трамптың ықтимал жеңісі ме?

R-Finance компаниясының экономисі әрі қаржылық кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, болашақта Венесуэлада АҚШ-қа адал үкіметтің келуі мүмкін сценарийін жоққа шығармайды. Мұндай жағдайда Вашингтон арзан шикізатқа қол жеткізу үшін санкцияларды біртіндеп жұмсартуға мүдделі болады. Ол АҚШ-тың оңтүстігіндегі бірқатар мұнай өңдеу зауыттары, соның ішінде Хьюстон маңындағы өндірістік кластер, тарихи тұрғыда ауыр мұнай сорттарына, оның ішінде венесуэлалық мұнайға ұқсас шикізатқа бейімделгенін атап өтті.

Бұл жағдайда Венесуэлада өндіріс тәулігіне 1 млн баррельге артқанның өзінде, уақыт өте келе мұнай бағасына қосымша қысым түсуі мүмкін. Дегенмен сарапшы күрт құлдырау болады деп күтпейді, өйткені әлемдік сұраныс әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр.

Оның сөзінше, қазіргі таңда жаһандық баға фоны төмен күйінде қалып отыр және котировкалардың ұзақ мерзімді өсуі күтілмейді. Бұл Қазақстанға және бюджет кірістеріне әсер етуі мүмкін, себебі, оның бағалауынша, бюджеттік түсімдердің кемінде 50 пайызы қандай да бір түрде мұнай экспорты мен мұнай табыстарына байланысты.

Сарапшы 2026 жыл әлемдік мұнай нарығы үшін бетбұрыс кезеңге айналуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Венесуэладағы дағдарыстың қалай аяқталатыны нарық қатысушыларының күтулеріне елеулі ықпал етуі ықтимал.

Иә, бұл да айтарлықтай әсер етеді. Егер жаңа үкімет келсе, Венесуэланың ОПЕК мүшесі екенін ескеру қажет. Жаңа басшылық ОПЕК-тен шығуды шешсе, бұл да жағдайды өзгертуі мүмкін. Жаңа билік үшін санкциялардан шығу тиімді болады, өйткені бұл экономикаға, соның ішінде Еуропа мен АҚШ-тан инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл әрі экономикалық жағдайды жақсарту, әрі сыртқы қарызды азайту үшін қажет. Сондықтан олар АҚШ-пен келісімге келуге тырысады. Ал Трамп үшін бұл экономикалық табыстан бөлек, саяси жеңіс те болмақ. Өйткені Венесуэланың бұрынғы сыртқы саяси бағыты Иранға, Кубаға, Ресей мен Қытайға жақын болды. Ал Батысқа бетбұрыс жасалса, тепе-теңдік өзгеруі мүмкін, – деп қорытындылады сарапшы.

Өзгелердің жаңалығы