Өзбекстан жаңа әкімшілік астанасын салуға ресми түрде кірісті. Елдің билігі бұл ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін, ең алдымен, шетелдегі өзбек еңбек мигранттарын Отанына қайтаруды көздеп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
“Жаңа Ташкент” қандай болады?
Жаңа қала қазіргі Ташкенттің жанында, Шыршық пен Қарасу өзендерінің арасында орналасады. Аумағы 20 000 гектарды құрайтын бұл ірі мегаполис елдің әлеуметтік, әкімшілік, іскерлік және мәдени орталығына айналады.
Жоба аясында көптеген зәулім ғимараттар, соның ішінде High-Tech City сияқты биік кешендер салу жоспарланған.
Өзбек билігі, әсіресе, Ресейде және Қазақстанда жүрген өзбек мигранттарын осы жобаға қатысуға шақырып, оларға жоғары жалақы төлеуге уәде берді.
Өзбекстанның Ресейдегі елшілігі арнайы бейнеролик жариялап, азаматтарын осы “тарихи жобаға” атсалысуға шақырды.
Құрметті отандастар! Шетелде жұмыс істеп жүрген қандастарымызды “Жаңа Ташкентті” бірге салып, табыс табуға шақырамыз! – делінген үндеуде.
Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық министрлігі мен Жұмыспен қамту және кедейшілікті қысқарту министрлігі бірлесіп дайындаған хабарламада 10 000-ға жуық жұмыс орны ұсынылатыны айтылған.
Қазіргі таңда бетоншы, сылақшы, сантехник, электрик, кірпіш қалаушы және тағы 38 түрлі мамандық бойынша жұмыс күшіне сұраныс бар.
Айлық жалақы 8-15 миллион сомды (шамамен 625-1 170 доллар) құрайды.
Жұмысшыларға қандай жағдай жасалады?
Жоба аясында жұмысшыларға күніне 3 реттік тегін тамақ, арнайы жұмыс киімі, жатақханада тегін тұру мүмкіндігі, еңбек шартын сақтай отырып, 8 сағаттық жұмыс күні, жоғары жалақы (Өзбекстандағы орташа айлықтан 3 есе көп) уәде етілуде.
Өзбекстан билігінің мәліметінше, соңғы жылдары елде тиімді экономикалық реформалар жүргізіліп, көптеген жаңа жұмыс орындары ашылған.
Бұрын Ресейде 4-6 миллионға дейін өзбек мигранты болған, қазір бұл көрсеткіш 1 миллионға дейін қысқарған. Себебі өзбек жұмысшылары Ұлыбритания, Швейцария, АҚШ, Еуропа елдерінде сұранысқа ие болып, жоғары жалақы үшін алыс шетелдерге кетіп жатыр.
Осыған байланысты Өзбекстан билігі жыл сайын кемінде 100 000 азаматты шетелде жоғары жалақылы жұмысқа орналастыру бойынша арнайы бағдарлама қабылдады.
Онда мигранттар елден тек еңбек шартымен шығады, жұмысшы визасының шығынын мемлекет өтейді, тегін тіл курстары мен кәсіптік даярлық өткізіледі, жол шығынын мемлекет пен жұмыс беруші көтереді, шетелден оралған жұмысшыларға арзан ипотека ұсынылады.
Өзбекстан ірі құрылыс жобасы арқылы шетелдегі еңбек мигранттарын елге қайтаруды көздеп отыр. Жоғары жалақы, әлеуметтік кепілдіктер мен жақсы еңбек жағдайлары арқылы бұл бастама өз нәтижесін беруі мүмкін.
Алайда, елден тысқары жерде одан да жоғары жалақыға жұмыс істеп жүрген өзбектер бұл ұсынысты қаншалықты қабылдайтыны – уақыт еншісінде.