Бағанашылдағы балалар үйі жергілікті биліктің уәделеріне қарамастан Қонаев қаласына көшірілетін болды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматыдағы Бағанашыл ықшам ауданында орналасқан балалар үйі төңірегінде дау қайта өршіп тұр. Бұдан үш ай бұрын ғана жергілікті билік тәрбиеленушілер ешқайда көшірілмейді деп сендірген болатын. Алайда 2025 жылғы 10 шілдеде Алматы облысының Білім басқармасы №494 бұйрық шығарып, оған сәйкес “Арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау өңірлік орталығы”Қонаев қаласына, Д. Қонаев даңғылы, 33/4 мекенжайына көшірілетіні ресми түрде белгілі болды.
Балалар видеоүндеу жолдап, депутат Бақытжан Базарбек пен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваға жазбаша хат жазған.
Біз, балалар үйінің тәрбиеленушілері, өзімізбен болған кездесулерде ешкім біздің үйімізді бұзбайтынын айтып сендіргенін ұмытпадық. Сол кезде бізге ешқайда көшірілмейміз деді. Бірақ қазір мүлде керісінше шешім қабылданып отыр. Біз өзімізді алданғандай, сатқындық көргендей сезінеміз, — делінген балалардың хатына.
Балалар «Бұл тек уәдені бұзу емес, жетім балалардың пікірін елемеудің белгісі. Сіздер үшін біздің даусымыздың еш мәні жоқ сияқты» деп жазды.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұл жағдайға әлеуметтік желіде өткір пікір білдірді.
Бұл не деген масқара? Сіздер балаларға тимейміз деп уәде берген едіңіздер ғой! Мен Алматы облысы әкімдігінен және жеке әкімнің өзінен түсініктеме талап етемін. Ертең Аружан Саин екеуміз балалар үйіне барамыз, – деді ол.
Ағымдағы жылдың наурызында №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаевқа көшіруге қатысты шағым айтқан болатын. Сол кезде қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар балалар үйі орналасқан Алматының беделді ауданындағы жер телімі құрылыс компанияларының назарына іліккенін, ал бұл жерде элиталық тұрғын үйлер салынуы мүмкін екенін айтқан.
Сол уақытта Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев келесідей уәде берген:
- тәрбиеленушілер Алматыда қалады;
- Қонаев қаласына тек жаңадан қабылданған балалар орналастырылады;
- ортаны ауыстыру балалардың әлеуметтенуіне кері әсер етуі мүмкін.
Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева да балалар Алматыдағы ғимаратта қала береді деген болатын.
Депутаттың пікірінше, бүгінгі бұйрық айтылған уәделерге кереғар. Балалар үйін көшіру мәселесі қайтадан күн тәртібіне шығып, қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр.
Облыс әкімдігінің хабарлауыншка балалар үйін көшіру шешімі – ғимараттың апатты жағдайымен байланысты.
1963 жылы салынған ғимараттың апатты күйде екені анықталды. Негізгі конструкцияларында жарықтар пайда болған, инженерлік желілер толығымен тозған. Ғимарат санитарлық, өртке қарсы және құрылыс талаптарына сәйкес келмейді. Осыған байланысты, Алматы облысы әкімінің 9 шілдедегі қаулысы мен білім басқармасының 10 шілдедегі бұйрығына сәйкес, тәрбиеленушілерді кезең-кезеңімен жаңа балалар үйіне көшіру жұмыстары басталды, – делінген әкімдіктің хабарламасында.
Жаңа мекеме 180 орынға есептелген, жеке инвестиция есебінен салынған және мемлекет меншігіне сый ретінде берілген.
Бірінші кезекте 1–4 сыныпта оқитын 44 бала көшіріледі. Ал қалған тәрбиеленушілер оқу процесі мен әлеуметтік бейімделуді ескере отырып, кезең-кезеңімен қоныс аударады.
Қазіргі уақытта мекемеде 171 бала тәрбиеленуде, олардың 125-і – жетім, 46-ы – қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар.
Көшіру балалардың құқықтарын шектемейді және өмір сүру жағдайларын нашарлатпайды. Бұл шара олардың қауіпсіздігін, сапалы білім алу, медициналық қызметке қолжетімділік және қолайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған, – дейді әкімдік өкілдері.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, барлық тәрбиеленушіні көшіру жоспарда жоқ.
Облыс әкімімен байланыстым. Ол барлық балалар көшірілмейтінін түсіндірді. Бұрын айтылғандай, сол жерде тұрып жатқан балалар оқуын жалғастыра береді. Ал кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында уақытша тұрып жатқан балалар мен осы орталықтың өзі жаңа Қонаевтағы Балаларды қолдау орталығына көшіріледі, – деп жазды омбудсмен.
Сондай-ақ Зәкиева тәрбиеленушілердің пікірін ескеруді әкімдікке ескертті.