Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Асхат Аймағамбетов айтты.
Орта білім беруде жаңартылған мазмұнға көшу аяқталды. 100% көштік. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірде мектептер 100% бейнебақылау жүйесімен және 99%-ы жылы әжетханалармен қамтамасыз етілді, - деп баяндады ол.
Сондай-ақ, орта білім жүйесіндегі негізгі проблемалардың біріне тоқтала кетті.
Қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы – білім жүйесіндегі мәселелердің бірі болып тұр. Бұл бұған дейін де бірнеше рет көтерілді. Осы ретте қазіргі уақытта «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске қосып жатырмыз. Жоба аясында мемлекеттік тілдегі көркем әдебиеттермен мектеп кітапхана қорын жаңарту міндеті тұр. Бұл мәселені биыл шешу қажет, - дейді БҒМ министрі Асхат Аймағамбетов.
Министр алқа отырысында кітапханашылардың жалақысын көтеру маңызды екенін айтты. Бұл сұрақ бойынша Президент тиісті тапсырма берді.
Дебат, өзін-өзі басқару қозғалысы жобаларын да дамыту маңызды. Бұл оқушы бойындағы дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді, - деп айтты ведомство басшысы.