Стамбул мэрі Экрем Имамоғлу өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істің қолдан жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Hispanatolia агенттігіне сілтеме жасап.
Түркия билігі оппозициялық саясаткерді терроризмді қолдады, парақорлық, бопсалау және алаяқтық жасады деп айыптауда. Алайда, Имамоғлу бұл айыптарды толығымен жоққа шығарды.
Мен тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Тергеу – жала жабу мен қолдан қылмыс жасауды көздейтін әрекет, оның ешқандай логикалық, заңдық немесе дәлелді негізі жоқ. Менің мұнда болуымның жалғыз себебі – маған қарсы басталған саяси араласу мен күрес моделінің бір бөлігі. Қазіргі таңда мен халықтың еркін құрметтемейтін үкімет мүшелерінің белгілі бір қысымына тап болудамын, – деп жазды Имамоғлу өз мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Стамбул мэрі Экрем Имамоғлу 2025 жылдың 19 наурызында жемқорлық пен парақорлық айыбы бойынша қамауға алынған болатын. Прокуратураның мәліметінше, қала әкімдігінің жоғары лауазымды қызметкерлері, соның ішінде Имамоғлу да, мемлекеттік сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысқан. Сонымен қатар, оны террористік ұйымдармен байланысы бар деп күдіктенуде.
Имамоғлу – Республикалық халық партиясының жетекші саясаткерлерінің бірі және алдағы сайлауда президент Режеп Тайип Ердоғанның ең мықты қарсыластарының бірі ретінде қарастырылған. Оның қамауға алынуы Стамбулда ауқымды наразылықтарға себеп болды.