Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаев 1 ақпаннан бастап Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының төрағасы қызметіне кірісті.
25 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер басшылары Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының жаңа құрамын бекітті. Атап айтқанда:
- Бақытжан Сағынтаев - Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының төрағасы;
- Сергей Глазьев - Интеграция және макроэкономика жөніндегі алқа мүшесі;
- Бақыт Сұлтанов - Экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі;
- Гоар Барсегян - өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі алқа мүшесі;
- Андрей Слепнев - Сауда жөніндегі алқа мүшесі;
- Валентин Татарицкий - Техникалық реттеу жөніндегі алқа мүшесі;
- Эльдар Алишеров - Кедендік ынтымақтастық жөніндегі алқа мүшесі;
- Арзыбек Кожошев - Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі алқа мүшесі;
- Максим Ермолович - Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқа мүшесі;
- Варос Симонян - Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі алқа мүшесі.
Бақытжан Сағынтаев 1963 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келді. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын Алматы халық шаруашылығы институтының саяси экономика кафедрасының оқытушысы болып бастады.
1988-1992 жылдар аралығында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жұмыс істеді, әлеуметтану кафедрасында ассистенттен бастап доцентке дейінгі лауазымды атқарды.
1992 жылдан 1998 жылға дейін кәсіпкерлік қызметпен айналысты.
1998 жылы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.
1999 жылдан 2002 жылға дейін Қазақстан Республикасының Шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары.
2002 жылдан 2004 жылға дейін Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.
2004 жылдан 2007 жылға дейін – Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің төрағасы болды.
2007 жылдан 2008 жылға дейін Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің басшысы.
2008 жылғы 30 қыркүйекте Павлодар облысының әкімі.
2012 жылдың 20 қаңтарында – Қазақстан Республикасының экономикалық даму және сауда министрі.
2012 жылдың 24 қыркүйегінен бастап «Нұр-Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары.
2013 жылдың 16 қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі болып тағайындалды.
2013 жылдың 6 қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Премьер-министрінің Бірінші орынбасары болып тағайындалды.
2016 жылғы 9 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болып тағайындалды.
2019 жылдың 21 ақпанында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен отставкаға кетті.
2019 жылдың 1 наурызында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды.
2019 жылдың 24 наурызында ҚР Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылып, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.
2019 жылдың 29 маусымынан 2022 жылдың 31 қаңтарына дейін Алматы қаласының әкімі болды.
2022 жылғы 1 маусымда Еуразиялық Экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі болып тағайындалды.
Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) – Еуразиялық экономикалық одақтың тұрақты әрекет ететін реттеуші органы. 2012 жылғы 2 ақпаннан бастап әрекет етуін бастаған.