Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысқан елорданың 5 тұрғынына берілді. Олар жылдық мөлшерлемесі 2% құрайтын несиемен баспанаға ие болады. Бұл туралы elorda.info сайты жазды.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Нұр-Сұлтан қаласында жалпы саны 719 несиелік өтінімді қабылдады. Олардың ішінде 253 отбасының өтінімі мақұлданып, қазіргі сәтте олар өз баспаналарын іздестіру үстінде.Ең алғаш боп құжаттарын өткізген және несиелік өтінімі бойынша оң шешім алған астаналық тұрғын – Еркінбек Абуов. Ол 4 қыздың әкесі. Мемлекеттік қызметкер өз пәтерін 14 млн теңгеге сатып алмақ. Ал, несие бойынша ай сайынғы төлем мөлшері 74 650 теңгені құрайтын болады.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Аққайың Сыздықова да қоныс тойын атап өтуге дайындық үстінде. Ол Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жеңілдетілген займ алып, өз пәтерін 15 млн теңгеге сатып алды. Ал, несие бойынша ай сайынғы төлем мөлшері 79 963 теңгені құрайды.
«Біз жұбайым екеуіміздің 4 баламыз бар. «Бақытты отбасы» бағдарламасының арқасында біз көптен күткен өз пәтерімізге қол жеткіздік. Осыған дейін біз ата-анамызбен бір шаңырақ астында өмір сүрдік. Енді балаларымыздың өз бөлмелері болатын болды», - дейді қуаныш иесі Аққайың Сыздықова.
Несиелік өтінімі мақұлданып, жақын күндері қоныс тойын тойлайтын елордалықтардың бірі Тоғжан Смайылова қажетті құжаттарды жинауға бір ай шамасында уақыт кеткен. Ол мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы санаты бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп отыр.«Мен бұл бағдарламаға жолдама алу үшін алдымен Қошқарбаев 39 мекенжайында орналасқан Тұрғын үй қорына барып, жолдама алдым. Банк менің өтінімімде 1 апта қарап, мақұлдады. Несиенің үстемесі 2% ғана. Баспана бағасының 10 пайызын төледік», - деді Тоғжан Смайылова.
Бағдарламаға көпбалалы және толық емес отбасылар, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.
«Арнайы олар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарттарын жасау кезінде несие бойынша төлемнің жалдамалы пәтерге кететін төлем мөлшерімен шамалас болуын қамтамасыз етті. Бұған қоса, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі уақыт өте келе займ бойынша төлемнің төмендеуіне мүмкіндік беретіндіктен, отбасылық бюджетке түсетін ауыртпалық та азаятын болады», - деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің орталық филиалы директорының орынбасары Жанар Изимбетова.
Несие сомасының 10% мөлшерінде бастапқы жарна болған жағдайда, оларға займ жылдық 2% 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі.«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін отбасының әр мүшесіне келетін табыстың мөлшері 42 500 теңгеден аспауы керек (барлық салықтар мен зейнетақы жарналарын шегергенде). Мәселен, егер отбасы 6 адамнан тұратын болса, онда оның жалпы кірісі 255 000 теңгеден артық болмауы тиіс.
«Бақытты отбасы» бағдарламасының көмегімен жаңа және қолданыстағы үйден пәтер немесе жер үй сатып алуға болады. Ең жоғары займ мөлшері Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларында 15 млн теңгеге дейінгі соманы құраса, ал қалған өңірлерде 10 млн теңгеге дейін. Жылжымайтын мүлікті қарыз алушы тұрғын үй үшін кезекте тұрған аймақта ғана сатып ала алады.