Димаш Құдайбергеннің қарындасын тұрмысқа ұзатып салу рәсімінде орындаған әні тағы да көпшіліктің жүрегінен орын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жақында әншінің 24 жастағы кенже қарындасы Раушан тұрмысқа шыққан болатын.
– "Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету" дейді қазақ халқы. Оны ұғынсақ та, бауыр етінен жұлып алғандай етіп қарындасты өзге жұртқа аттандыру кімге болса да оңай емес екен. Дегенмен, теңін тауып, ата-анасының, туған-туыстарының ризашылығымен кетіп бара жатқаны көңілге қуаныш ұялатады, – деген әнші ішкі толқынысын жасырмады.
Сондай-ақ ол "Қарлығашым ұя салғанда" атты авторлық ән жазып, ұзату тойында інісі Мансұрмен бірге алғаш рет орындаған сәттегі бейнежазбаны жариялады.
Бейнекадрда Димаштың сезімін әрең тежеп, жүрекке жететін сөздерді шынайы ықыласпен орындағаны, ал Раушанның көз жасын әрең тыйғаны көрінеді.
Қолымыздан ұшып бара жатқан қызымыздың қонған жері құтты болсын! Барған еліне тастай батып, судай сіңсін! Құдай қосқан жарына бақ болып қонсын, қосағымен қоса ағарсын! Раушантайыма Мансұр ініммен бірге "Қарлығашым ұя салғанда..." атты әнімді ақжүрек тілегіміз ретінде қабыл алғайсың! Жүректегі сағыныш пен қимастықты осы әннің өнбойынан көрсеткіміз келді. Бақытты бол, қарлығашым менің! – деп жазды Димаш әлеуметтік желіде.
Бейнежазба әлеуметтік желілерде лезде таралып, жүздеген мың қаралым мен мыңдаған әсерлі пікір жинауда.
Еске салайық, бұған дейін Димаш жанкүйерлерін жаңа образымен таңғалдырды.